Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» арнасында қазақстандық қаһармандар туралы бейнеэнциклопедия көрсетіледі

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2015
  • 2316

"Қазақстандықтардың антологиясы - Жеңіс қаһармандары". Мамыр айының 6-сынан бастап "Астана" арнасында осындай атаумен майдангерлер туралы бейнеэнциклопедиялар көрсетіле бастайды. Онда барша қазақстандық батырлардың ғұмырнамалық тарихы жинақталған. Сонымен қатар, кейіпкерлердің майданға дейінгі және кейінгі өмір дерегі де баяндалады. Бейнеэнциклопедияның мақсаты - қазақстандық батырлардың Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерліктерін паш ету. 

Тың жобаны Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Еуразиялық топпен бірге іске асырды. Жобаны әзірлеуге білікті сценарийстер мен режиссерлер тартылып, тарихшылардың пікірлері ескерілді. Қысқаметражді фильмде соғыс жылдарында орындалған қазақ әндері мен сол жылдардағы туындылар пайдаланылған. Мұрағаттық кадрлармен қатар 2D және 3D графикалы визуалдық әрлеу де қолданылды.

Ғалымжан Өтелбайұлы, «Нұр Отан» партиясы, орталық аппараты саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары:

«Нұр Отан» партиясының филиалдары жергілікті жерде қанша батыр шықты, ол батырлар туралы қандай тың деректер бар. Осының бәрі алынып, екі мың беттен тұратын деректер жиналды. Осылардың барлығы ең қызықты дегендері фильмде пайдаланылып жатыр.

Бейнероликтерді дайындау кезінде қазақстандық Кеңес Одағы батырларының жеке істері мен өмірі қайта сараланды. Фильм шынайы деректерге құрылған.

Ғалымжан Өтелбайұлы, «Нұр Отан» партиясы, орталық аппараты саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары:

Мысалы, біздің Қазақстаннан үш бірдей қызымыз Кеңес Одағының батыры атанды - Әлия, Мәншүк, Хиуаз. Осы кіслер туралы өз алдына бөлек деректі фильм.

Айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам қатысты. Мәселен, Берлин шайқасына 10 мың қазақстандық қатысқан, олардың 27-сі Кеңес Одағының батыры атанды. Берлинге алғашқылардың бірі болып, шабулдаған ұшқыш жерлесіміз Біләл Қалиев. Еліміздің әрбір төртінші тұрғыны майданға немесе еңбек әскеріне шақырылды. Майданнан әрбір екінші отандасымыз оралмады. Оның ішінде 530 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанса, тоғыз майдангер «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. 

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ