Русский Сайттың толық нұсқасы

«КADEX - 2016» қару көрмесіне жүзден астам қазақстандық кәсіпорын өнім ұсынды

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2016
  • 1409

Астанада «КADEX-2016» әскери техника мен қару-жарақ халықаралық көрмесі жұмысын бастады. 2010 жылдан бастап әр екі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отырған көрме төрткүл дүниенің қорғаныс саласындағы мамандарын Астанада жиды.  Бұл өзгенің әскери қауқарын байқап, өзінікімен салыстырып, ұнаса, жәрмеңкеден қару олжалай кетуге мүмкіндік беретін жиын. Қарудың бейбіт базарына әлем назары жыл санап артып отыр. 45 мемлекет пен үш жүзден астам әскери өндірушілердің барлығы осында. Кадекс қалашығынан Азамат Алдоңғаров баяндайды.

Қорғанысты әуеден, теңізден, құрлықтан, жаяу-жалпы, тіпті жылы ғимаратта отырып-ақ қамтамасыз ететін небір техника мен қару түрін «Кадекстің» базарынан табасыз. Әскер қауқары бойынша көш бастаған Қытай, Ресей сынды алпауыттардың өнімдерімен биыл «Қазақстанда жасалған» қару қатар қойылды. Ел үшін дәстүрлі емес кәсіптің жетістігі жаман емес.

Ливияның өкілдеріне танкке қарсы зымыран кешенініміз ұнады. Моңғолияның әскерилеріне полигон қондырғысы ұнады. Сонымен қатар атыстың лазерлік тренажеріне де қызығушылық танытып кетті. Керек дүние екен деп жатыр. 

Әскер үшін түрлі симмуляторларды шығаратын кәсіпорын Алматыда орналасқан. Сәтін салса, экспортқа тауар аттандыруға дайын. Ал мынау корейлік әскери роботтардың орнын басуы тиіс заманауи техника. Бұл да Қазақстанда жасалған.

Талғат Исламқожаев, көрмеге қатысушы:

Әртүрлі әскери жабдықтар үстіне қойылады да, мина іздейтін немесе әскери қару-жарақ қойылады, сөйтіп әскердің алдына жіберіледі. Мина болса, минаны табады, немесе бір қару-жарағы бар қарсыластар кездессе, соларды жоюмен айналысады. Құны 10-15 мың доллар болады.

Әскери жағдайда адам шығынын болдырмай-ақ ұрыс жүргізуге мүмкіндік беретін техника 10 шақырым қашықтықтан басқарыла береді. Ешбір шу шығармай, бірнеше сағаттап жүретін роботқа бейнекамерадан бастап, ауыр зеңбірек те орнатуға болады. Корейлік прототиптен біздің өнім төрт есе арзан. Бұл көрме секцияларына жаңадан қосылған роботтар повильонының өнімі. Ал мынау көпшілікке танымал ресейлік Т-72. Көршілер екі жылда ескі танкті жетілдіріп, қалада ұрыс жүргізетіндей қылып жөндеген. Қорғаныс ісінде де негізгі серіктес болған көршіден бүгіннің өзінде қару алу туралы кейбір шешімдер бар. Мәселен, жақын арада әскеріміздің қатары төрт бірдей МИ-35 тікұшағымен толығуы мүмкін.

Оқас Сапаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

Зениттік зымыран кешенінің сауытын алу бойынша алдын-ала келісім бар. Сондай-ақ шағын кемелерді сатып алу туралы да уағдаластық. Қазір зымыран-зеңбірек кешені бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Әлі де қарастыратын жобалар көп.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Көрме бүгін ғана ашылғандықтан, оның жұмысы әлі де пысықталып, жанданып жатыр. Отандық және шетелдік компаниялар қазір көрменің бас қонағын күтіп алуға әзірлік үстінде. Санаулы уақыттан кейін Кадекс қалашығына Қазақстан Қорғаныс күштерінің Бас қолбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев келеді деп жоспарланып отыр.

Ресейден алынатын МИ-35 тікұшақтарының сыны да сол кезде сарапқа салынып, соңғы шешім қабылданады. Мәртебелі қонақтар алдында қазақстандық ұшқыштар да өнер көрсетеді. Ал кімнен не алып, кімге не сатылатыны алдағы үш күнде белгілі болады. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ