Бір жапырақ қағаздың кесірінен оралдық Геннадий Ларшин 2 жылдан бері зейнетақысын ала алмай жүр. Ішкі істер департаменті, көші-қон полициясы секілді құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырған ол, енді кімнен көмек сұрарын білмейді. Қайда барса да, Қорқыттың көріне тап болған қарияның қазіргі өмірі туралы әріптесім Еркін Кариннің материалы.
Жетпістің жетеуіне келген Геннадий Ларшин Батыс Қазақстан облысының Мергенево ауылында дүниеге келген. Өмірінің 40 жылын еңбекке арнаған ол зейнетке шыққасын ауыр науқасқа шалдығады. 2012 жылы Украинадағы қызына барып, емделген. Алайда, ол жаққа үйренісе алмай, ем-домы аяқталысымен, Қазақстанға кері қайтады. Бірақ елге қайтарда Украина мемлекетінен есептен шыққаны туралы бір жапырақ қағаз алмаған. Енді соның кесірінен екі жылдан бері зейнетақысын ала алмай жүр.
Геннадий Ларшин:
Көмек сұрап барған органдардың барлығы да менен құтылғанша асықты. Ішкі істер департаментіндегілер Украинадан кеткенім туралы қағазды әкелмей, Оралда тіркеуге алынбайтынымды кесіп айтты. Қазір Луганскіде соғыс оты өршіп тұр. Ол қаладағы азаматтарды тіркеу орнына бомба түсіп, талқаны шыққан. Әркім қара басының қамымен әуре. Мұндағылардың да мен үшін бас қатыратын түрлері жоқ. Өз күніңді өзің көр дейді.
Қария 2 жыл бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырғанын айтады. Бірақ нәтиже жоқ. Тіпті Украинаның Қазақстандағы консулдығына жазған үш хатыма да әлі жауап келмеді, дейді. Ал прокуратура өкілдері қарияны қамықтырған құзырлы органдардың ісі заңға сай деп отыр. Өйткені консулдық есептен шығарылғаны туралы анықтаманы тапсырмай, Геннадий Ларшинге зейнетақы берілмейді.
Арон Ақпанов, Орал қаласы прокурорының орынбасары:
Ол есептен шыққаны туралы қағазды тапсырмаған. Егер құжаттарын заңдастыруға өзі талпынбаса, бұл іске көші-қон полициясы да араласа алмайды. Әрі олардың ісінде ешқандай заң бұзушылық жоқ. Себебі қария қос елдің азаматтығын алған болуы мүмкін. Полиция осыдан сақтанып отыр.
Салы суға кеткен қарияға көмекке келген заңгер Павел Кочетковтың сөзінше, еліміздің кез-келген азаматы қалаған жеріне баруға құқылы. Ал қос азаматтық туралы күдік туындаса, онда мұның қаншалықты ықтималдығын көші-қон полициясы тексеруі тиіс.
Павел Кочетков, заңгер:
Қарияның білместігінен екі бірдей заң бұзылып отыр. Оның әлеуметтік қорғау құқы мен қозғалыс еркіндігі шектелген. Бұл іске Қазақстанның Ішкі істер министрлігі араласса, заңсыздыққа жол берілмейді деген сенімдеміз. Министрлік шара қолданса, санда бар, санатта жоқ бұл азамат тіркеуге алынады. Ал оның тоқтап қалған зейнетақысын кері қайтару - екінші кезектегі мәселе.
Қызы шалғайдағы Украинада қалған Геннадий Ларшин әзірге туыстарын сағалап, күн кешуде. Ол өзінің мүшкіл халіне Бас прокуратура араласып, заңды зейнетақысын аламын деген үмітін жасырмайды.
Еркін КАРИН