Орал көріксіз қалаға айналды. Осылай деген тұрғындар көшеде түсі солғын, сұрықсыз гүлдер пайда болды деп отыр. Ал әкімдік биыл қаланы көріктендіруге бөлінген қаражатты 10 миллион теңгеге арттырған. Жасыл желегімен жайқалған Жайық өңірі неге солғын тартты? Еркін Қарин толықтырады.
Қаланы көріктендіру жұмыстары аяқталуға жақын. Көшелерге виола, бегония, петунья гүлдері егілген. Бірақ олар қалаға әр бермей тұр. Осылай деген тұрғындар бұрын раушан гүлімен жайқалып тұратын жерлер бүгінде сұрықсыз алаңға айналды дейді.
Былтырғы гүлдер өте жақсы болып еді, мынау өте шамалы гүлдер. Енді мына жерге Ресейден, Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар келетін болғасын, жақсы гүлдер отырғызуы керек қой, халыққа көрінуі үшін. Солай емес пе?
Бұрынғылары жақсы еді, ол гүлдердің қайда кеткені белгісіз. Гүлдердің бәрі қазір солып қалған. Шөптердің бәрі түк үйлеспей тұр. Сондықтан енді қаланы гүлдендіру керек сияқты деп ойлаймын.
Қаланы көріктендірумен айналысатын мекеме мұны табиғатпен байланыстырып отыр. Мамыр жаңбырлы болғандықтан, гүл отырғызуды кеш бастаған.
Еркін Карин, тілші:
Дегенмен кейбір өсімдіктердің Оралды жерсініп кетуі оңай емес. Мәселен, қала аумағында отырғызылған мына шырайгүлдердің 70 пайызы солып, өспей қалған. Мамандар мұны топырақтың құнарлылығы мен ауа райының қолайсыздығымен байланыстырады.
Әбілқайыр Әмірбаев, «Жайық таза қала» ЖШС директорының орынбасары:
Май айында көп қиыншылық тигізді, жердің бәрі батпақ болғасын, адамдар қолмен егетін болғасын, көп қиындық туғызды. Сосын жол бойындағы гүлдердің қиындығы өтіп бара жатқан машиналардың екпіні мен ауаның өзгерісі себебінен ауырыңқырап, қиналып өсіп жатыр.
Ал гүл өсірушілер мен бағбандар мұны біледі. Қаланың сиқы келмей тұрғанын өсімдіктердің сапасынан дейді. Сондықтан гибридтік өсімдіктерді егуді ұсынады.
Татьяна Дуюнова, гүл өсіруші:
Бұл мекеме ұзақ жылдар бойы қаланы көгалдандыру ісімен айналысады. Бірақ соңғы кездері бап талғамайтын әрі әдемі гүлдердің орнына сұрықсыз өсімдіктерді өсіруде. Тіпті егілген гүлдерді орналастырудың белгілі бір жүйесі де жоқ.
"Жайық таза қала" мекемесі безендірудің ақсап тұрғанын мойындайды. Өйткені шебер дизайнер жоқ. Жасалған жұмыстардың көпшілік көңілінен шықпай жатқаны да сондықтан көрінеді.
Әбілқайыр Әмірбаев, "Жайық таза қала" ЖШС директорының орынбасары:
Гүлзарларымыздағы эскиздеріміздің кейбір жерлері дұрыс, ойдағыдай шықпайтыны өзіміздің қолымыздан сызғанымыздан деп ойлаймын. Дизайн қызметін жүргізе алатын, программаны білетін азамат керек болып отыр.
Биыл қаланы көгалдандыру ісіне 166 миллион теңге бөлінген. Оның 73 миллионы гүл отырғызуға жұмсалмақ.
Еркін КАРИН