Алматыдағы 58-ші балабақшада болған қайғылы оқиға орнына алматылықтар, гүл шоқтары мен ойыншықтар әкелуде. Тосыннан көлік басып кірген мектепке дейінгі мекеменің бұзылған сыртқы қоршауы, қайта жасалыпты. Балабақша болса жұмысын жалғастыруда. Олар енді сыртқы есікке құлып салып тастаған. Дегенмен тұрғындар балғындар тәрбиеленетін орындарда қауіпсіздік мәселесі күшейтілсе дейді.
Әсем Иманбекова:
Кәусар кішкентай қыз ол періште ғой, жатқан жері жайлы болсын. Ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз. Осы оқиға барлық балабақшаға сабақ болды деп ойлаймын. Қауіпсіздікті, қорғанысты бәрі күшейтеді деген ойдамыз.
Қалалық №1 балалар ауруханасында ем қабылдап жатқан 8 балғынның денсаулығын дәрігерлер қалыпты деп отыр. Жан сақтау бөліміндегі 2 бүлдіршіннің бірі жалпы палатаға ауыстырылған. Бұл туралы мекеме басшысының орынбасары Николай Дьяченко мәлімдеді. Ауруханадағы бүлдіршіндердің ата-анасы да болған жайтты өкінішпен еске алады.
Дана Гемадиева:
Каусарды танимыз, қызымың группасында болатын. Әдемі үріп ауызға салғандай қыз болатын. Жағдайымыз жаксы қазір дәрігерлер көмектесіп, психологтар жұмыс жасап жатыр. Балалардың жағдайы күні-түні тексерілуде.
Ал, бүлдіршінді балабақша ауласында қағып өлтірген 46 жастағы әйел, қазір уақытша ұстау изоляторында. Қалалық ішкі істер департаментінің ақпаратына сенсек, медициналық сараптамалар көлік жүргізушісінің оқиға кезінде мас болмағанын көрсетіпті. Жалпы, мұндай жағдайда тараптардың өзара ымыраға келуіне 2014 жылдың мамыр айынан бастап елде тыйым салынған болатын. Енді құзырлы орындар жүргізушіні кінәлі деп тапса, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Айгүл ҚАДЫРБАЕВА