Елімізде Қазақстан-Түркіменстан-Иранды байланыстыратын автокөлік дәлізі жобасы жүзеге асуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Евгений Хон мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде Түркіменстанда автокөлік дәлізін салу саясаты жүзеге асып жатыр. Иран да солтүстік-оңтүстік-шығыс бағытында жол салуға әрекет етуде. Сондықтан бізге де қарап қалмау керек деген Евгений Хон, сонымен қатар Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізінің бүгінгі жағдайы туралы да хабардар етті. Халықаралық көлік дәлізінің құрылысы 2017 жылы толық аяқталып, қолданысқа берілмек. Ол ашылғанда Қытайдан Еуроодаққа тауар жеткізу мерзімі әлдеқайда қысқарады. Бұл жүк тасымалының ауқымын 2020 жылға қарай екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
Евгений Хон, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы:
Қазақстан солтүстік-оңтүстік бағытында тасымалданатын тауарлар үшін негізгі өткізу бекетіне айналуы мүмкін. Әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ аясында. Осы орайда оңтүстік бағытты дамыту керек. Қазақстан үшін Иранның оңтүстігінде орналасқан Чабахар қаласына шығу тиімді болар еді. Өйткені қазір Иран үкіметі осы арнайы экономикалық аймақты белсенді дамытуды қолға алды. Ол жерге темір жол желілері де тартылып жатыр.
Айгүл ӘДЕПБАЙ