Ал Батыс Қазақстан облысында киіктер төлдей бастады. Бұл туралы облыстық орман және аң шаруашылығы инспекциясы хабар таратуда. Әдетте, мамыр айының екінші жартысында киіктер төлін өргізеді. Халық арасында бұл кезең «Құралайдың салқыны» деп аталып кеткен. Өйткені күн суытып, жаңбыр жауған кезде, киіктің жаңа туған лақтары салқын жерде жатып қалмай, тұрып, енелерінің соңынан ереді.
Киік санағын жүргізген мамандар биыл да ақбөкендердің басы едәуір көбейгенін айтып отыр. Бірақ нақты дерек, осы санақ мәліметтері өңделгесін ғана, анықталмақ. Ал былтырғы санақ нәтижесіне сай өңірде 39 мың бас киік бары анықталған еді. Дегенмен, браконьерлерден келетін қауіп те алаңдатпай қоймайды.
Талғат Ілиясов, БҚО орман және аң шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:
Инспекция тарапынан киіктер мекен ететін жерлердің барлығына толықтай зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде біздің облысымызда киіктің қырылу фактілері тіркелген жоқ. Сәуір айында киіктерге жылдағыдай авиасанақ өткізілді. Былтырғы киіктің саны 39 жарым мыңды құраса, қазіргі нәтиже бойынша өсім байқалып отыр.
Еркін КАРИН