Солтүстік Қазақстан облысында егін науқаны басталды. Өңірде егін алқаптарының жалпы көлемі 4 миллион 400 мың гектар жер. Оның 75 пайызына бидай егілсе, қалғаны - майлы дақылдарға. Қазір диқандар алдында шаруашылықты диверсификациялау міндеті тұр. Осыған байланысты теріскейлік аграрийлер жыл сайын майлы дақылдар алқаптарын ұлғайтып келеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда, аталған дақыл түрінің үлесі шамамен он пайызға артқан.
Жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасы дерегінше, аймақ кәсіпорындарында тұқым қоры дайын. Үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстан облысына үкіметтен арзандатылған сұйық отынның алпыс бес мың тоннасы бөлінді. Қазір ол диқандарға литрі 84 теңгеден сатылып жатыр. Алайда, жанармаймен шаруашылықтар әлі толыққанды қамтылмапты. Жақын арада кәсіпкерлер дизельдік отынмен жүз пайыз қамтамасыз етіледі, деп уәде етті ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бағлан Мауытов.
Бағлан Мауытов, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Қазір дизельдік отынсыз отырған диқандар жоқ. Бәрінде де сұйық отын бар. Бірақ әлі жүз пайыз жеткізілмеген. Жоспарға сәйкес егістік науқанының ортасына дейін олар жанармаймен толық қамтылады.
Абзал ҚҰРМАНКИН