Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында өскемендіктер ерекше жарысқа қатысты. Алтай тауларындағы биіктігі бір жарым шақырым болатын «Қазақстан» деп аталатын биіктікке бір мезетте мыңнан астам адам көтерілді. Сайысқа қатысқан ең кішкентай спортшының жасы 5-те болса, ең үлкені 76-ға келген қария. Жергілікті тұрғындармен қатар Атырау, Шымкент, Семей мен Алматы қалаларынан келген қонақтар да биіктікті бағындыруға атсалысты.
Әуесқой спортшылар әлсін-әлсін тоқтап демалып, суретке де түсіп үлгерді. Себебі олимпиадалық нормаға сай келетін аралықтың кейбір жерлерінде 45 градусқа дейін көтерілуге тура келеді. Сондықтан кәсіби спортшылар өз алдына жылдамдыққа жарысты. Абырой болғанда, ешкім жарақат алмады. Дәрігер көмегіне жүгінгендер де жоқ. Санаулы минутта барлық қатысушылар президенттік мильді артқа тастап, өрге көтерілді. Жеңіске жеткендер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Виктор Хабдуллин, «Тәуелсіздік шыңы» жарысының ардагері:
Әрине, жастармен жарысу оңай емес. 17-18 жастағы мықты жігіттер бар. 10-14 жасарлық жеткіншектер де бар. Солармен бірге жүгіру - мен үшін үлкен қуаныш. Мұндай жарысқа тек кәсіби спортшылар ғана емес, барлық халықтың қатысқаны дұрыс. Көпшілік көруі керек. Ұмтылу керек.
Мансұр ЕСҚОЖИН