Шымкентте бүгін жиырма қазанға ет асылды. Өңірдегі жиырма этномәдени бірлестік өкілдері «Ет асу» фестиваліне бір кісідей ат салысты. Қазақтың ұлттық тағамын әзірлеуден өзара сынға түсті. Айта кетейік, аймақта алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына орайластырылып отыр.
Ошақ басында қарбалас. Қаз қатар тізілген жиырма қазанның әрбірінде былқылдап ет қайнап жатыр. Аймақтағы этномәдени бірлестік өкілдері қазақтың ұлттық тағамын әзірлеуде барын салуда. Күрд этносының атынан бақ сынап отырған апалы-сіңлілі Ханзада мен Шайсана бүгін үздік атанудан үмітті. Қос аспаз ет асуда қолданып жүрген әдістерінде қолданып отырғандарын жасырмады.
Ханзада Нагирова, күрд этномәдени бірлестігінің өкілі:
Ерекшелігі - тек қана тұздығын жасадық, айраннан, сарымсақ, аскөк қостық. Бәрі сондай. Еттің үш түрін салдық. Жамбас, жая, қазы, қарта - бәрін салдық. Көңіл-күйіміз жақсы. Сыйлық аламыз деп үміттеніп жатырмыз.
Айта кетейік, бүгін жиырма бірлестік жиырма қой сойды. Оның бір бөлігі мұқтаж отбасыларға қайырымдылық ретінде таратылды. Сыртта ет қайнап жатқанда, жастар жағы қазақтың ұлттық ойыны асық атудан сайысқа түсті. Ет піскенше мақал-мәтел айтудан да бақ сынағандар табылды.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Қазір бұл жерде қазақтың ұлттық тағамын әзірлеудегі соңғы дайындықтар жүріп жатыр. Бір жерде қазаннан сүзіп алған етті турап жатса, екінші бірі қамыр жаю үстінде. Бір ерекшелігі - бүгінгі байқағанымыз жайманы әзірлеуде әркім өзіндік ерекшеліктерге мән беріпті.
Еттің қамырын әзірлеуде әр әйелдің өз құпиясы болады. Татар этномәдени бірлестігінің өкілі Жансая етті алқызыл түсті жаймамен ұсынғанды құп көріпті. Оны әжесі үйреткенін айтады. Әрі дәмді, әрі дәруменге бай деді.
Жансая Мұсалханова, татар этномәдени бірлестігінің өкілі:
Асқабақтың суын шығарамыз. Асқабақтың суына екі жұмыртқа саламыз. Азырақ су қосамыз. Тұз саламыз. Ұн салып илейміз. Осылай шығады. Езілмейді. Жақсы. Түсін жоғалтпайды.
Жиырма табаққа салынған ет те дастарханға әкелінді. Дегенмен қазылар астың дәмін татып, сорпаның құнарлылығына мән берумен шектелмеді. Қонаққа табақ тартып, бас ұсыну мәдениетін де байқады.
Мұратәлі Қалмұратов, ОҚО Ассамблея хатшылығының меңгерушісі:
Мына бастың өзі қазақта, білесіздер, бұл философия жатқан. Бұның өзін неге құлағын кесетінін, неге таңлайын беретіндігін, неге шекесін қасқалайтындығын - барлығын осы этнос өкілдері түсіндіріп беруі керек. Осының барлығы да бүгінгі қазылар беретін бағасының критерийлерінің ішінде бар.
Бүгінгі шара арқылы ұлт пен ұлыс өкілдері қазақтың тағамын әзірлеп қана қоймай, бірлігі бекем халықтың салт-дәстүрін де жетік меңгергендігін көрсетіп берді. Сайыс шартына сәйкес оза шапқан кәріс этномәдени бірлестігінің өкілдері болды. Ет асудан ұйғыр, армян, тәжік ұлтының азаматтары да құр алақан емес екен. Қазақстан халқы Ассамблеясы бас болған мұндай шара енді дәстүрлі түрде өтеді деп жоспарланып отыр.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ