Астанада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Үздік отбасыларды марапаттау Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. «Мерейлі отбасы» байқауы осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Биыл оның елордалық кезеңіне астаналық отбасылардан 94 өтініш келіп түскен. Өтініштерді қарау барысында комиссия өкілдері отбасы мүшелерінің жетістіктері мен санына, отбасылық дәстүрлер мен жәдігерлерге, рухани-адамгершілік құндылықтарға, арғы тектерін білуіне аса назар аударған.
Ұлттық конкурс 3 кезеңмен өтеді: бірінші кезең - аудандық-қалалық, екінші кезең - облыстық, үшінші кезең - республикалық. Биыл Елорда атынан қыркүйекте өтетін ұлттық байқауда бағын сынау мүмкіндігін Салықовтар мен Қобылбаевтар отбасы жеңіп алды.
Берік ХАСЕНОВ