Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда 18 жаңа индустриалдық нысан іске қосылды

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2015
  • 1772

Шикізат тәуелсіздігінен арылудың жаңа кезеңі басталды. Бүгін 18 жаңа индустриялық нысанды іске қосқан мемлекет басшысы осылай деп түйді. Тұсауы кесілген бұл жобалар - Қазақстанның антидағдарыстық үлкен жоспарының бірі. Олар елді импорттық тауарға тәуелділіктен арылтып, өз өнімімізді экспорттауды көздейді. Тәуелсіздік сарайынан әріптесім Азамат Алдоңғаров баяндайды.

Жыл сайын елдің индустрияландыру бағдарламасы қорытындылап, тың жобаларға жол ашатын дәстүрлі жалпыұлттық телекөпір биыл жылдағыдан екі аптаға ерте өтті. Әлем нарығында Қазақстанның негізгі шикізат көздерінің бағасы төмендегенде, экономиканың өндіруші секторына тың серпін беру уақыт күттірмейді. Биыл іске қосылатын жобалардың саны да әдеттегіден көп. Биыл президент жаңа 10 жобаға батасын берсе, бүгін 18 кәсіпорынды іске қосты.

Жаңа жобалар экономиканың барлық салаларын қамтиды.  Мұнай, химия, медицина, тау-кен өндірісінен бөлек, мемлекет басшысы соңғы кездері жиі айтатын, экономиканы дамытатын басты секторлар - жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, азық-түлік өндірісі мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бар.

Үкімет экономиканың жекелеген секторларын дамытып қана қоймай, оның салааралық өндірісін де жолға қойды. Мәселен, жүнді өңдейтін, тоқыма мен жеңіл өнеркәсіпті жаңа деңгейге көтеретін зауыттар ашылды. Әлемде мұнай саласы тоқырап жатқанын еске түсірген президент, мұнайшылар Астанаға келіп, тігін машиналарын жинастырсын деп қалжыңдады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

Қазіргі заманда орта және шағын осындай бизнес халыққа жұмыс беретін бізге қажет. Мемлекет барлық жағынан қолдап отыр. Әсіресе Назгүлге айтатыным, мынадай мұнай мен газдың қиын жағдайында, Бақтықожа, енді Назгүлге келіп жұмыс істейтін шығар қазір. Сондықтан осындай өндірістің мұнай өңірінде іске қосылуы өте тамаша. Алда да жүргізе беру керек. Атырауда көп шаруалар атқарылып жатқанын мен білемін.

Дәстүрлі өндірістен бөлек тыңға түрен салған заманауи кәсіпорындардың бірі - «Бірінші жел электр станциясы». Бұл 45 мегаватт қуаты бар елдегі ең ірі станция. Осылайша Қазақстан экономикасын сауықтандырумен қатар, экологияны ойлап, ЭКСПО халықаралық көрмесінің бас тақырыбын да ұмыт қалдырған жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

Некоторые думают, вот сейчас подешевели нефть, газ, и зачем нужно заниматься этим делом. У нас ЭКСПО-2017 - это "фишка", новая энергетика.

Ақтау теңіз порты солтүстікке қарай кеңейтіліп, бүгіннен бастап Қазақстан астығын тасымалдау мүмкіндігі артты. Енді елордада әйгілі «Дженерал электриктің» дизельді қозғалтқыштары да құрастырылады. Қазақстанға енетін әлемдік брэндтердің қатарында Кока-кола компани да бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

Coca-Cola, я думаю, не требует особой рекламы. Хотя я лично очень редко её употребляю, но я желаю успеха всем вам. Давайте начнём работать.

Индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасының қорытындысы жасалған жиында арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, мемлекет басшысына «Ұлттық чемпион» бағдарламасының 7 көшбасшы компаниясы да таныстырылды.

Жалпы биыл индустрияландыру картасы бойынша 120 жаңа нысан іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Ал бағдарламаның 6 жылында 890 жобаның тұсауы кесілді. Бұл 85 мың жұмыс орны. Айта кететіні, бұл кәсіпорындардың 90 пайыздан астамы инвестор қаражатына салынды. Телекөпірді қорытындылаған мемлекет басшысы Қазақстанның өндіріс пен өңдеуге беріп отырған басымдығы шикізаттық тәуелділіктен арылудың үлкен жоспары екендігін айтты. Мемлекет бұл беталысынан айнымақ емес. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ