Алматыда белгілі заңгер Михаил Кленчиннің өліміне қатысты тың деректер жарияланды. Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі оның өз өзіне қол салуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Танымал заңгердің неден қайтыс болғаны сараптама қортындысынан соң белгілі болмақ, - дейді департаменттің ресми өкілі. Бүгін Михаил Кленчиннің денесі жер қойнына тапсырылды. Қоштасу рәсіміне заңгердің туыстары, достары мен таныстары келді. Оқыс оқиға 11 желтоқсан күні кешкі мезгілде орын алған. Михаил Кленчин өз атына тіркелген «Сайга» қаруымен өзін өзі атқан деген болжам қарастырылып отыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
Жедел тергеу тобы жұмысы нәтижесі бойынша болған оқиға адамның өзіне өзі қол жұмсау фактісі бойынша сараланады. Тергеу аясында тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның ішінде ең бастысы - сот-медициналық сараптама. Яғни адам өліміне байланысты осы сараптама анық көрсетеді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ