Русский Сайттың толық нұсқасы

Теңгенің құнсыздануынан СҚО-да пәтер нарығындағы келісімшарттардың жартысына жуығы іске аспай қалуда

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2015
  • 1131

АҚШ валютасының құбылуынан Солтүстік Қазақстан облысында жылжымалы мүлік нарығындағы келісімшарттардың жартысына жуығы үзілген. Бұл жайында аймақтағы риэлторлық компания өкілдері айтты. Белгілі бір бағаға ымыраласқан тұрғындар көк қағаз құны өзгергеннен кейін бір байламға келе алмай, ортақ шартты бұзуға мәжбүр. Абзал Құрманкин сабақтайды. 

Жақында ғана отау құрған Сериндер жанұясы ипотекалық несие арқылы пәтер алмақшы болған. Баспана иесі тек АҚШ валютасымен ғана есеп айырысуға келіскен. Жас отбасының айтуынша, банкте несиені рәсімдей бастаған кезде, доллар құны 315 теңге болған. Құжаттар әзір болған кезде АҚШ валютасы шарықтаған.

Ксения Серина:

Ипотекалық несиенің бастапқы жарнасы қолымызда болды. Бірақ көк қағаз 350-ге дейін өсіп, біз дағдарып қалдық. Пәтер иесіне үстінен қосатын ақшамыз жоқ. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз.

Валюта нарығындағы тұрақсыздық пәтер иелеріне де сарсаңға салды. Олар да қаражаттарын жоғалтқысы жоқ. Баспаналары тым арзанға кетпес үшін, сатушылар үйді көк қағазбен сатқанды жөн көреді.

Екатерина:

Мен жазда екі бөлмелі пәтерімді, бұрынғы валюта бағамымен есептегенде, 42 мың долларға сатқым келді. Қазір бағаны азайтып, 30 мыңға сатып жатырмын. Мына тұрақсыздықтан бүкіл келісімшарттар үзіле береді. Бағаны тым арзан қыла алмаймын. Маған да ақша керек.

Риэлторлардың сөзіне сенсек, халық АҚШ валютасынан бас тартар емес. Тұрғындардың тоқсан пайызы өз мүліктерін әлі күнге дейін осы шетел валютасымен сатады екен. Дегенмен, олар жылжымалы мүлік бағасы бұрынғыдан сәл арзандағанын жеткізді. 

Елена Молодовская, риэлторлық компанияның атқарушы директоры:

Егер де үш бөлмелі пәтер шамамен 60 мың АҚШ ақшасына бағаланса, қазір оның бағасы 35 мың. Пәтер иелерінің он пайызы ғана баспаларын теңгемен ұсынады. Қалғандары көк қағазды дұрыс көреді. Халық әлі теңгемен есеп айырысуға толыққанды үйренбеген.

Абзал құрманкин, тілші:

Жылжымалы мүлік нарығындағы тұрақсыздықтың қашан аяқталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Тәжірибелі риэлторлардың пікірінше, елімізде қаржылық жаңа жүйенің ауқымды жоспары құрылу керек және де ол бүкіл салаларды қамтуы тиіс. Бұл бағдарлама енгізілсе, онда алуан түрлі мәселелердің қисыны табылар еді деген пікірде.

Абзал ҚҰРМАНКИН