Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыдағы сауда үйінің өртенуіне өрт қауіпсіздігін сақтамау себеп болған

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2015
  • 1515

Қарағандыдағы сауда үйінің өртенуіне сөндірілмеген немесе ақауы бар электр техникасы себеп болған. Аймақтың ТЖД мамандары осындай болжам жасады.

Қуаныш Мүтəліпов, Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Тұрмыстық техникалар дұрыс пайдаланылмаған деген болжам қарастырылып жатыр. Басты себеп, тұтынушылардың электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбағандығынан, яғни өрт қауіпсіздігін сақтамағандықтан деуге болады.

Қарағандыда кеше кешкісін сауда үйі өртенді. Ғимараттың 30-дан астам өрт сөндіру техникасы мен жүздеген құтқарушылар қара тұманда тілсіз жаумен 3 жарым сағат бойы күресіп, əрең дегенде бетін қайтарды. Олардың жұмысына ғимараттың күрделі құрылымы мен маңындағы көліктер қиындық тудырған. Адамдар дін аман. Қымбат тон, аяқ-киім сататын 15 сауда нүктесі түгел жанып кеткен. Шығын көлемі əлі толық есептелген жоқ. Ғимарат қожайынының сауда орнын жалға алған саудагерлерге өтемақы беру-бермеуі де әзірге шешілген жоқ. Кәсіпкерлердің пайымынша, төтенше жағдай ғимараттың электр сымдарындағы ақаудан болған. 

Людмила Ермакова, кәсіпкер:

Өрт дабылы қосылмаған. Келесі қанаттағы қыздар "өртеніп жатырмыз"деп айқайлағанда бір-ақ білдік.

Мария Нечаева, кәсіпкер:

Ғимарат ескі әрі суық. Электр жүйесі де тозған. Үнемі жылытқыш қоспаңдар деп, бір бірімізді ескертіп жүреміз. Ешкім қоспайды. Өкініштісі, ешбір затымыз сақтандырылған жоқ.  

Айжан ҚУАШ