Қолайсыз ауа райы Қазақстанның бірнеше аймағында қиындықтар туғызды. Солтүстік, Орталық және Шығыс өңірлерінде құтқарушылар тәулік бойы ақтүтектің тұтқынынан адамдарды алып шығумен айналысты. Құтқарушылар түні бойы Алматы-Өскемен тас жолында қалған 130 көлік пен 6 жолаушы автобусын шығарумен болды. Тайғақ жолмен қатар қатты боран соғып, көліктер қозғалысы қиындаған. Далада қалғандардың арасында 5 бала мен жүкті әйел болған. Ал, арнайы техниканың көмегімен тас жалдың бойындағы бірнеше шақырымға созылған көлік легі үшін жол ашылған. Десек те, бір тас жол тазартылғанымен, Шығыстағы тағы тағы бір жолды қар басқан.
Александр Ломыгин, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
Қазір құтқару жұмыстары Ресей шекарысы бойында Шемонаиха-Секисовка тас жолында жүріп жатыр. Төтенше жағдай орнына біздің арнайы техникаларымызбен мамандарымыз аттанды. Негізі осындай қиын жағдайларға жүргізушілер өздері тап болады. Тас жолды жапқан тәртіп сақшыларын айналып өтеді де, арты осындайға әкеп соғады.
Қазіргі күні Шығыс Қазақстанда барлық республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдар жабылған. Облыс орталығы Өскеменнің өзінде желдің екіпіні секундына 15 метрге жеткен. Көктайғақтың кесірінен қалада көліктер кептелді. Төтенше жағдайлар қызметі мамандары ауа райы тұрақталғанша, тұрғындардың жолға шықпауына кеңес береді.