Оралдық ғалымдар бекіре балығын өлтірмей, тірі күйінде уылдырық алу әдісін сәтті жүзеге асырды. Олар бұл жетістіктерін патенттеп те үлгірген. Енді кәсіпкерлер қызығушылық танытса, тайдай тулаған қызыл балығы мен құнарлы қара уылдырығымен әлемге танылған ару «Жайық» өзені қайта дәуірлеуі мүмкін.
Өзен-көлдерде мұз қатқан сәттен бастап балықшылар қысқы маусымға дайындала бастайды. Бірақ көңілдері күпті. Өйткені "өзен жағалағанның өзегі талмайды" деген мәтел ескіріп қалғандай. Себебі «Жайықтың» арнасы жыл санап тарылып барады.
Су тартылғасын, балық та азаяды. Балықшылар бекіре «Жайықтың» жоғары жағында жоқтың қасы деп отыр. Балықшылықты бала кезден бері кәсіп қылған Жорж атай Жайықтың арнасынан асқан кезін ұмыта алар емес. Ағысқа қарсы жүзген бекіренің уылдырығын жоғарыға шашатын дәуірі келмеске кетті деп күйінеді.
Жорж Жир, балықшы:
Бекірені Жайық өзенінен соңғы рет 1977 жылы көрдім. Қазір өзен тартылып кетті, ол кезде мұнда кеменің небір түрі жүзетін, жыл сайын өзен арнасын тазартып тұратын. Қазір Ресей өзенді жоғарыдан бірнеше жерден байлап тастады. Бар балық Атыраудан әріге аспайды.
Бұл олқылықтың орнын толтырмақ оралдық ғалымдар бекірені қолдан өсіруге кірісті. Кейін бұл бастамаға кәсіпкерлер қызығушылық танытып, балық өсіретін зауыт құрылысы басталды. Бүгінде олар балықтан уылдырық алудың жаңа әдісін енгізді.
Нұрлан Серғалиев, ғалым:
Біздер балықты соймай уылдырық алу технологиясын патенттедік. Әдетте уылдырық алынатын балық сойылатын. Біздің тәсіліміз бойынша уылдырық тірі балықтан алынады. Балықтың астыңғы жағынан кесеміз де, оны сығамыз. Уылдырығын алған соң, бекірені еркіне жібереміз. Екі жылдан кейін бұл балықтардан тағы уылдырық аламыз. Уақыт өткен сайын уылдырық та көбейеді, әрі балық та тірі қалады.
Қазір шағын зауытта бекіре тұқымдастарының бірнеше түрі өсіріледі. Ғылым мен өндірісті ұштастырған зерттеушілер, балық адамға көнетін су жануары екендігін дәлелдеген.
Мэлс Энгельсов, БҚАТУ ғылыми орталықтың техник-балық өсірушісі:
Біз балықтарға үйреніп кеттік, оларға үш мезгіл тамақ береміз. Бұлар да өте бауырмал екен. Тек оларды тексеріп, салмағын өлшеген кезде сақ болу керек. Әйтпесе ауа жетпей тұншығып, әлсіреп қалады.
Өткен ғасырларда Жайық бойындағы шаруалар бекірені патшаға сый ретінде тартып, балықты уылдырығы үшін ғана аулапты. Ал артылған бекірені отқа өртеп отырған. Сол балықтың обалы жібермеді ме, қазір Жайықтың даңқы тек жергілікті музейде ғана сақталған. Жаңа әдіс қолдау тапса, Жайық қайта жанданып, балығы көбейе ме деген үлкен сенім бар.
Еркін КАРИН