Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде «Жемқорлыққа жол жоқ» атты бірегей көрме жұмыс істеп тұр

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2015
  • 3063

«Жемқорлыққа жол жоқ». Керекуде ашылған бірегей көрме осылай аталды. Қоғамның кеселіне айналған бұл проблеманың кесірін қылқалам шеберлері алуан стильде көрсетуге тырысып баққан. Бірі оны түрлі-түсті бояудың күшімен бейнелесе, енді бір топ графикалық негізде суреттеген. Ұйымдастырушылар мен келушілерді әсіресе мүсін арқылы берілген жәдігерлер таңқалдырды.

Керекуде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға 35 шебердің 90-ға жуық туындысы ұсынылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге белгілі суретшілермен қоса, жастар да белсене қатысқан. «Жемқорлықтың ізі болғанымен, көзі болмайды», «Теңгесос», «Жол коррупциясы», «Тендер - жеңдер» сияқты тақырыптар арқылы авторлар бұл проблеманың бүгінгі қоғамда қаншалықты белең алғандығын көрсетуге тырысқан.

Көрмеге қойылған туындылар төрт бағытты қамтыды. Көркем сурет, графика, мүсіндеу және қолөнер. Айта кетері, көрме залында Павлодар облысының ғана емес, елдің оңтүстік бөлігінен жеткен туындылар да бар.

Майя Құсайынова, Павлодар облыстық көркем сурет мұражайының өнертанушысы:

Көрмеге танымал қылқалам иелерімен қоса, студенттер мен оқушылардың да туындысы қойылды. Мәселен, Железинка аудандық мектебінің шәкірттері бұл проблеманы ерекше суреттеген. Шараның ұтар тұсы да осы деп санаймын. Бұл жерде ересектердің көзқарасы балалардың таза танымымен үйлесім тапқан.

Сыбайлас жемқорлықты авторлар көбіне жағымсыз образда бейнелеген. Туындыларға қарап-ақ, олардың қоғамға келтірер кесапатын көруге болады. Шеберлер қара, қою түстерге ден қойғаны байқалады.

Ольга Ловина, суретші:

Біз адамның толғанысын, өзі жайлы, осы өмірдегі орны, әрекеті жайлы байламын негізге алдық. Яғни белгілі бір шеңберден шығып кетсең, арыңды аттап өтесің. Сол кезде өзіңмен күрес басталады. Жұмысымыздың меңзегені осы.

Бірегей шараны мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес агенттігінің аймақтық департаменті мен мәдениет басқармасы бірлесіп өткізіп жатыр. Ұйымдастырушылар әуелде суретшілердің өзі «коррупцияны қалай бейнелеуге болады?» деп алаңдағанын жасырмайды. 

Ғабдулғани Ибрагимов, Павлодар облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті басқармасының міндетін атқарушы:

Жемқорлықты қас немесе дос деп бөліп жаруға болмайды. Сондықтан да біраз алаңдағанымыз рас. Алайда, жұмыстар келіп түсе бастағанда, біз шығармашыл қауымның бұл қоғамдық дерті қалай дөп түсінетіндігін көріп, таңқалдық. Әр туынды мемлекеттің қарқынды дамуына тұсау болған коррупцияның салдарын айқын танытты.

Байқағанымыздай, тұрғындар арасында бұл шараға деген қызығушылық жоғары. Көрмеге келгендер арасында қарттармен қатар, жас буын да жетерлік. Бірегей көрме жыл аяғына дейін жалғасады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ