Ақтау теңіз портында Бакуге өте алмай тұрған көлік жүргізушілерінің құжаттары түгел емес. Бұл туралы порт кеденшілері мәлімдеді. Олардың сөзіне сенсек, жүк көлік иелерінде виза мен тразниттік жүктің тиісті құжаттары жоқ. Ондаған көліктің кептелуіне бірнеше фактор себеп. Бакуде екі порт жұмыс істесе, Ақтауда жалғыз ғана порт бар. Ал соңғы күндері теңіз дауылы күшейіп, жүк тиеу қиындық туғызған.
Талғат Кәрімов, «Ақтау теңіз порты» кедендік бекетінің басшысы:
Қазақстандық жүктермен мүлдем проблема жоқ. Қазақстанға бағыт алған жүктерді біз тез рәсімдеп, транзиттік декларациямен жөнелтіп жатырмыз. Ал Әзірбайжанға баратын жүктердің визасы, кей құжаттары, тіпті ақшалары жетпей жатыр. Жүргізушілердің кінәсі жоқ шығар. Осындай логистиканы тасымалды таңдаған жүк иелері кінәлі.
Мамандардың айтуынша, кеденде жұмыс көбейген. Желтоқсанның басынан Ақтау порты 167 көлік қабылдап, 115-ін аттандырыпты. Келесі айда портта жұмыс қызбақ. Ондағылар айына бір мың көлік қабылдамақ.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ