Русский Сайттың толық нұсқасы

Бақыт Сұлтанов: Республикалық бюджеттің игерілуі 100 пайызға жуықтайды

  • AstanaTV
  • 28 желтоқсан 2015
  • 1650

Республикалық бюджеттің игерілуі 100 пайызға жуықтайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

"Жылдың аяқталуына 4 күн қалды. Бізге небәрі 161 мдрд теңгемен жұмыс істеу керек",- деді Сұлтанов. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3 есе аз көрінеді. Министрдің сөзінше, бюджеттің 7 трлн теңгеден астамы игерілген. Өткен жылы 40 млдр теңге мақсатты жұмсалмай қалған еді. Биылғы көрсеткіш 15 пен 20 млрд теңге шамасында болуы мүмкін. Яғни шенеуніктер қаржылық қиындықтардың арқасында, бөлінген ақшаны тиісті бағытқа жұмсап  үйренген сияқты. Тіпті жергілікті бюджет қаражаты да шашау шықпай игерілді. Бақыт Сұлтанов сонымен қатар заңдастырылған қаржы көлеміне тоқталды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Осы уақыт аралығында екінші деңгейлі банктерде қосымша 7 есепшот ашылды. 3,5 млрд теңгедей қаржы заңдастырылды. Қарқынды белсенділік бар деп айта алмаймыз. Бұған жаңа жылдық қарбалас та әсер еткен шығар. Әйтсе де біз, мүлікті жария ету науқанына деген елдің сенімін арттыру үшін, түсіндіру шараларымен айналыса береміз.

Ал нысандарды бәсекелі ортаға беру науқанының екінші толқыны аясында құны 78 млрд теңге болатын 235 актив сатылған. 7,6 млрд теңге тікелей бюджетке түсті. Осы тұста министр науқанға кедергі келтіретін факторлар да бар екенін айтты. "Жылы-жұмсаққа үйреніп қалған жергілікті әкімдік өкілдері кейбір нысандардан айрылғысы жоқ",-дейді Бақыт Сұлтанов.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Өткен жылғы тізім бойынша бекітілген 831 нысан бар. Оған жалпы құны 5 млдр теңгеден асатын тағы 65 компания қосылды.13 нысан республикалық меншікте, қалғаны холдингтер. Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдар қолда бар активтерінен айрылғылары келмейді. Үйреніп қалған. Сондықтан олар тарапынан қарсылық білдіру, кей кездері қасақана әрекет ету байқалады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ