Астанадағы ауа райының қолайсыздығы өзге аймақтарға да әсер етпей қоймады. Алматы әуежайында бүгін 8 рейс бөгелді. Әуежай қызметкерлерінің айтуынша, ұшуы кейінге шегерілген әуе кемелерінің көпшілігі - ішкі рейстерде қатынайтын ұшақтар. Яғни олар Астана, Қарағанды, Көкшетау бағытын бетке алған.
Кешеуілдеген ұшақтардың уақыты екі сағаттан алты сағатқа дейін созылды. Салдарынан 1200-дей жолаушы әуежай ішінде сенделіп қалды. Арасында Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен де бар. Ол таңертеңгі сағат 7-ден бері ұшағын күтіп, әуежай ішінде бөгелуге мәжбүр болды. Арнамызға сұхбат берген спортшы бүгін Астанада түскі сағат 15.00-ге жоспарланған баспасөз мәслихатын кейінге шегеруге мәжбүр болғанын айтты.
Денис Тен, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері:
Әуежайда таңертеңнен бері отырмын. Рейстердің көбісі кешіккендіктен, жолаушылар да абыржып қалды. Қазір басқа рейске ауыстырды, енді ұшатын шығармыз. Бүгін Астанада жоспарлаған іс-шараларым көп еді. Барлығын кейінге жылжытуға тура келді.
Айгүл ЕРМАХАН