«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңға өзгерістер енгізілгенін құптайды. Мұндай пікірін ол агенттіктің 20 жылдығына орай өткен баспасөз мәслихатында айтты. Сондай-ақ үнемделетін қаржы мәнді де мағыналы дүниелер жасауға жұмсалады деген ойда.
Еске салайық, 2016 жылдың қаңтарынан бастап «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заң күшіне енеді. Оған сәйкес елімізде хабар тарататын шетелдік арналарда жарнама көрсетуге тыйым салынбақ. Оларға төленетін жарнама ақысы елде қалса, бұл отандық телевизияны дамытуға мүмкіндік туғызады.
Айдос Үкібай, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
Жаңа заңға сәйкес, сарапшылардың есебі бойынша, шамамен 4 миллиард теңге үнемделеді. Бұл қаражатқа тарихи, биографиялық өнім түсіріп, телекөрермен назарына ұсынуға болады. Заң жобасының теріс жақтары жоқ деп ойлаймын. Қаражатымыз елде қалса, ешкімге зияны болмайтыны анық.
Сондай-ақ, Айдос Үкібай алдағы 4-5 жыл ішінде «Хабар» арнасы тек отандық телесериалдар көрсетуге көшеді дейді. Эфирді жаулаған түрік, үнді, кәріс өнімдері біртіндеп қаз контенттен ығыстырылады. Бар мәселе қаражатқа тіреліп тұрған сыңайлы.
Айдос Үкібай, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
Қазақстанда қазір орташа сериал түсіру үшін шамамен 30-35 мың АҚШ доллары кетеді. Ал дайын түрік, үнді сериалдары 200-300 доллардан аспайды. Сондықтан көрсету үшін қайсысы тиімді?! Әрине, мен өз елімнің патриоты ретінде Қазақстанның сериалдарын көрсеткім келеді.