2015 жылы әлемде күтпеген оқиғалар болды. Сириядағы қанды қақтығыстар салдарынан Еуропаға босқындар қаптады. БҰҰ келтірген деректерге сай, жыл басынан бері олардың саны 1 миллионнан асты. ДАИШ-тың террорлық әрекеттері жиілеп, адам шығыны артты. Әлемнің құтын қашырған ұйыммен күреске биыл Ресейдің қосылғанын айта кеткен жөн. Ресей демекші, бұл жыл теріскей көршімізге де оңай болмады. Федерацияның Түркиямен арадағы қарым-қатынасына жік түсті. Осы және өзге де оқиғалар жайында толығырақ алдағы бейнематериалда.
Бұл 3 жасар Айлан Курдидің суреті. Сәбидің денесі түріктің курортты жағалауынан табылған. Бүлдіршін босқындар трагедиясының символына айналды. Ал, Жерорта теңізі Айлин секілді мыңдаған адамның өмірін жалмады. Халық соғыс аймағынан бас сауғалай қашып, Еуропа бұл ағынға төтеп бере алмай жатты. Еуроодаққа мүше мемлекеттердің министрлері Брюссельде жиналып, проблеманы шешуге тырысқан. 120 мың босқынға пана беруге келісті. Қалған 800 мың адамның тағдыры шешілмеді. Жандарын шүберекке түйіп бейбіт өмір іздеп ағылғандарды Рим Папасы да қамқорлыққа алуға шақырды.
Франциск, Рим Папасы:
Еуропадағы әрбір шіркеу, ғибадатханалар мен католиктік медреселер, діни қауымдастықтардың бәрі босқындарға көмек қолын созып, тым болмаса бір отбасын жеке қамқорлығына алсын.
Сирия соғыстан көз ашпай отыр. Елдегі әскер ДАИШ лаңкестік ұйымымының көзін жоюға қауқарсыз. АҚШ басқарып отырған халықаралық лаңкестікке қарсы коалиция да әлсіздік танытты. Кей сарапшылар оның әдейі дәрменсіз бола қалғанын айтады. Сирия президенті Асадтың өтінішімен, 30 қараша күні экстремистерге қарсы күреске Ресей қосылды.
Ресейдің бұл қадамына жауап ретінде ДАИШ 200-ден аса ресейлік мінген ұшақты жарып жіберді. Синай аспанындағы қайғылы оқиға авиация тарихындағы ірі апат ретінде тіркелген. Кейін тағы бір Ресей ұшағы апатқа ұшырады. «Су-24» бомбалаушы ұшағын террористер емес, Түркияның «F-16» жойғыш ұшағы атып түсірген. Қаза тапқан ұшқыш Олег Пешков Қазақстан тумасы болып шықты. Өскеменде дүниеге келіп, сонда мектеп бітірген. Ресейде оқып, әскери ұшқыш мамандығын алған. Ресей президенті ұшақты атқандарды «лаңкестерді жақтаушылар» деп атады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
Ресей ұшағының атып түсірілуін «террористердің сойылын соғып, ту сыртымыздан соққы жасау» деп бағалаймыз. Стратегиялық әріптес саналатын елден мұны күтпеп едік. Және мұндай әрекеттің екі ел қарым-қатынасына елеулі нұқсан келтірері анық.
Ресей мен Түркия қарым-қатынасы осылай құрдымға кетті. Экономикалық шектеулер енгізіліп, санкциялар соғысы басталды. Оның салқыны бізге де сезілуде. Түркиядан Ресей арқылы өтпек болған қазақстандық жүк көліктері кеден бекеттерінде қаңтарылды. Туризм саласында 9 миллиард АҚШ валютасы көлемінде шығынға батқан Түркия Ресей сынды ірі серіктесінен айырылғысы жоқ екенін мәлімдеді.
Ахмет Дәуітоғлу, Түркия премьер-министрі:
Біз Ресеймен қарым-қатынасты үзуге ниетті емеспіз. Ресей - біздің серіктесіміз. Десе де ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде, кез-келген қарым-қатынас сол елдің заңдары мен әуе кеңістігін сақтауға негізделуі керек.
Мәскеу мен Анкара арасының алшақтағаны сонша, екі ел басшысы жоғары деңгейде өтетін ірі кездесулерде көріспеді. Ле Буржеде өткен климаттың өзгеруіне қарсы күрес саммитінде президенттердің дәстүрлі суретке түсуі кезінде олар жүздесу керек еді. Алайда, Путин кешігіп барды. Конференция аясында да екеуінің жолы түйіспеді.
196 елдің өкілі қатысқан саммитте тарихи келісімдер жасалды. Киото хаттамасының орнын басатын құжат та бар. Ол ауаға шығарылатын лас қалдықтар мәселесін реттеуі тиіс. 2020 жылға дейін дамушы мемлекеттер климатты жақсартуға 100 миллиард АҚШ валютасы көлемінде қаржы алады. Оны келісімге қол қойған мемлекеттер беруге тиіс. Қорытындысы келер жылы белгілі болмақ.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА