Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде «Менің Қазақстаным!» патриоттық акциясы өтуде

  • AstanaTV
  • 06 маусым 2016
  • 3958

Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Менің Қазақстаным!» атты патриоттық акция басталды. Ауқымды шара «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтіп жатыр. Акция аясында «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған мемлекеттік елтаңбаны, ту мен әнұранды дәріптеу рәсімі өтті. Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл. Осыған орай маусым айы «Мемлекеттік рәміздер айы» болып белгіленген еді.


Елтаңба, көк байрақ және әнұран - бұлар  тәуелсіздігіміздің айғағы, ұлттық символикамыз. Міне, 24 жылдан бері елімізде 4-ші маусым мемлекеттік рәміздерді ұлықтау күні ретінде аталып өтіп келеді. Айтулы мереке биыл да ескерусіз қалған жоқ. «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған «Менің Қазақстаным!» патриоттық акциясы Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде өтті.

Аян Сакошев, «Жас Отан» жастар қанаты хатшылығының жетекшісі:

Ең басты мақсат - мемлекетіміздің басты мерекелерінің бірі - Рәміздер күнін - жастарға дәріптеу, оның патриоттық бағыттағы іс-шара екенін көрсету.

Рәміздерді дәріптеу шарасында, сондай-ақ астаналық 6 үздік оқушы «Жас Ұлан» қатарына қабылданды. Жеткіншектер ресми ант беріп, мойындарына көк галстук тақты. Солардың бірі - Тұмар Тұрсын.

Тұмар Тұрсын, «Жас ұлан» мүшесі:

Мектепте жақсы оқып, үлес қосып, концерттерге немесе сайыстарға қатысып, үздік болып жүрген, соған қарап қатарға қосты.

Мерекелік басқосудың одан ары орталық саябақта жалғасты. Мұнда автокаралар «Менің Қазақстаным!» акциясын ашық деп жариялап, қала көшелеріне байрақты шеруге шықты.

Ал жастар қазақ еліне деген сүйіспеншілігі мен құрметін флешмоб арқылы білдіріп жатты. Оған шамамен елордалық 300 студент тартылған.

Алаңдағы мереке отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке ұласты. "Менің Қазақстаным!» акциясы бүкіл республика бойынша жалғасын таппақ. Маусым айы «рәміздер айы» болып белгіленгендіктен, мұндай салтанатты шаралар Қазақстанның өзге де аймақтарында өткізіледі деп жоспарланған. 

Құралай ПИОНЕР