Алматы облысындағы Боралдай елді мекенінің тұрғындары су құбырын тартқан мердігерлердің кесірінен шұқырларға сүрініп, жаңбырлы күндері белуардан саз кешіп жүр. Үш жыл бұрын басталған құбыр алмастыру жұмыстары аяқталмай, ел ауыз сусыз қалған.
Айра-жайра болып қазылған күйі қалған жолдың жиегімен жүру де машақат. Әсіресе мектепке баратын оқушылар үйілген топырақтан аяқ алып жүре алмайды. Қар жауса, кент тұрғындарының ары-бері қатынауы тіпті қиын болайын деп тұр. Бұған орталық көше бойымен су құбырын жүргізген мердігер компанияның шалағайлығы себеп, - дейді тұрғындар. 370 млн теңгеге 14 шақырым су құбырын тартуы тиіс жеке компания өз ісіне салғырт қарап, жұмысты дер кезінде аяқтамаған. Осының кесірінен көше бойында пайда болған көлік кептелісі де елдің мазасын алып біткен.
Надежда Веневцева, Боралдай кентінің тұрғыны:
Міне, мынадай топырақ үйінділері тау болып жатыр. Жол жиегіндегі жүргіншілер жолағы да осының астында қалған. Ал көмген жерлері жер астына қарай түсіп жатыр. Ертең күн суытып, қыс түскенде жасай ма мұны?! Осының кесірінен жолды кесіп өту қиындады, дүкенге де бара алмаймыз.
Іле ауданының әкімдігі жұмысты дер кезінде атқармаған серіктестікті екінші рет сотқа бермек. Әкімдік мердігер компанияны «жауапсыз мекемелер тізіміне» енгізуді сұрап, сотқа бұдан бұрын да шағым түсірген. Алматы қалалық ауданаралық экономикалық соты халықты зар илеткен фирмаға, 15 мың теңге айыппұл салып, жұмысты 30 қарашаға дейін аяқтауды міндеттепті. Алайда ештеме өзгермеді.
Азиз Нәсімбаев, Алматы облысы Іле ауданы ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
Өз міндетіне қалай болса, солай қараған фирманың үстінен тағы да сотқа арыз дайындап жатырмыз. Оны «жауапсыз мекемелер» санатына енгізіп, алдағы уақытта мұндай жобаларға қатыстырмауды сұрайтын боламыз. Қазіргі уақытта игерілмеген қаржы көлемі 4 млн теңге. Олар істі аяғына жеткізбейінше, бұл қаражат төленбейді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ