Қызылжардың іргесіндегі Береке шағын ауданы тұрғындары баспаналарына жауапты серіктестіктің қызмет құнын негізсіз көтергеніне наразы. Олар «Петропавл тұрғын үй қызметі» серіктестігі өз міндетін орындай алмай отыр,- дейді. Жергілікті билік мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлерге өз қарамағындағы серіктестіктің қызмет көрсетуіне жағдай жасапты. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тараптарды тыңдап көрді.
Тұрғындар қызмет көрсететін компания жұмысының көңіл көншітпейтінін айтады. Ай сайын қыруар қаржы төлейміз, бірақ үйдегі ортақ проблемалар шешілмейді, - дейді олар. Кіреберісте жарық жоқ, шатыр шұрық-тесік, жертөледегі құбырлардан су ағады. Қарашадан бастап тұрғын үйге жауапты кәсіпорын қызмет құнын бір шаршы метріне 16 теңгеден 27-ге дейін көтерген.
Гүлнәр Қаленова, Береке шағын ауданының тұрғыны:
Тарифті неге көтергенін ешкім түсіндірген жоқ. Жай ғана ескертіп қойды. Бірақ біз не үшін төлейміз? Қызмет құнын көтермес бұрын тұрғындарды жинап, түсіндірулері керек емес пе?
Мұндағы пәтерлердің тең жартысы жалдамалы баспаналар болса, қалғаны ипотекалық несие арқылы берілген. Тұрғындар, «жергілікті әкімдік бізді «Петропавл тұрғын үй қызметі» кәсіпорнына тіркелуге мәжбүрледі», деп отыр.
Динара Мөлдінова, Береке шағын ауданының тұрғыны:
Әкімдік бізді келісімшарт жасасуға мәжбүрледі. Егер де әлгі кәсіпорынға ай сайын ақша төлемесеңдер, 3 айдан соң сот арқылы пәтерлерді қайтадан алып қоямыз деп айтты.
Қазір аталған кәсіпорынның қарамағында 27 көпқабатты үй бар. Оның тең жартысы - жаңа тұрғын үйлер. Халықтың наразылығына тап болған серіктестік басшысымен телефон арқылы ғана тілдесудің сәті түсті.
Біржан Кенжеғозин, «Петропавл тұрғын үй қызметі» ЖШС директоры:
Онда материалдық шығындар бар: шаруашылық, жөндеу жұмыстары, аула сыпырушы, сантехниктардың жалақылары бар. Сол бәрі ішіне кіреді. Ал енді дұрыс қызмет көрсету болмаса, аула сыпырушы, сантехниктердің істемеген жұмыстары болса, оны біз бақылауға аламыз, алып жүрміз де, оның бәрін біз қалпына келтіреміз.
Ал тұрғындарды мәжбүрлеудің себебін білу үшін жергілікті билік өкілдеріне жолықтық. Бірақ ат тонын ала қашқан шенеуніктер жауап беруден бас тартты. Тәуелсіз заңгердің айтуынша, әкімдіктің тұрғындарды қызмет көрсету компаниясымен келісімшартқа отыруға мәжбүрлеуге құқы жоқ.
Мария Шукалова, заңгер:
Пәтерді жалға алған кісілер үйдің иелері болмағаннан кейін, ай сайын қызмет көрсету компаниясына ақшаны төлемеу керек. Яғни мемлекеттік органның алға тартып отырған талаптары заңға қайшы.
Әкімдіктің заңсыз әрекетін білген тұрғындардың кейбірі ай сайынғы ақыны төлеуді тоқтатқан. Ал өзгелері шағымдарын арқалап, бақылаушы органдарға жүгінбек. Дауға айналған «Петропавл тұрғын үй қызметі» серіктестігінің жұмысын бүгінде есеп комитеті тексере бастады.
Абзал ҚҰРМАНКИН