Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың әсері экономикаға салқынын тигізді. Кәсіпкерлер тауарын Ресей нарығына жеткізе алмай отыр. Тығырықтан шығар жол іздеген олар мемлекет тарапынан берілетін несиенің уақытын ұзарту, салық жеңілдіктерін қарастыру сынды ұсыныстарын президент Режеп Тайып Ердоғанға жолдады. Түркия Ресейді тоқыма-тігін өнімдермен, сондай-ақ көкөніс, цитрус жемістерімен қамтамасыз етіп келген. Есесіне Ресейден мұнай өнімдерін, табиғи газ бен темір, алюминий секілді шикізат алатын.
Бұл жер - Ыстамбұл қаласындағы Фатих ауданына қарасты «Лалели» деп аталатын көтерме сауда орталығы. Яғни киім және аяқ киім саудасымен айналысатын кәсіпкерлер қауымына жақсы таныс. Дәл осы жерде өндірілген өнімнің барлығы әлемнің 60-тан астам еліне жол тартады. Олардың арасында Ресей нарығы алғашқы орында.
Ресей-Түркия арасында байланыс үзілген күннен бастап, кәсіпкер Дарк Исмайлдың бизнесінен береке кетті. Отыз жылдан бері тауар тасымалдайтын ол Ресейге өнімін жеткізе алмай қалған.
Исмаил Дарк, кәсіпкер:
46 елге тауар жібереміз, ең көп өнім алатын Ресей. Бірақ 10 күннен бері өнімдеріміз сатылмай тұр. Екі апта бұрын жаңа жылдық тапсырыс алып, Ресейге жіберуге тауар дайындап қойған едік. Қазір олар жиналып тұр. Мәскеудегі әріптестеріміз бізге ақша аудара алмай қалды.
Шығынға батудан қорыққан түрік кәсіпкерлері Ресей нарығына тиесілі өнімдерін арзан бағамен басқаларға ұсынуға мәжбүр.
Айтекин Өзкан, кәсіпкер:
Ресейдің қысына лайықтап тігілген тері аяқ киімдеріміз бар еді. Соларды сата алмай қалдық. Фабрика орасан шығынға батпау үшін, Қазақстан, Түркіменстан және басқа да елдерге жіберуге тырысып жатырмыз.
Ыстамбұлдағы кәсіпкерлер одағының төрағасы «Лалелиде» экспорт көлемі азайғанын айтады. Былтыр басталған дағдарыста өнім құны 50 пайызға төмендесе, Ресей ұшағы құлағаннан кейін ол 80 пайызға жетті.
Гыясеттин Эюпкожа, «Лалели» өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының төрағасы:
Ел президенті Ердоған мырзаға өз ұсынысымызды дайындап қойдық. Үлкен қиындықтар күтіп тұр, сондықтан мемлекеттен берілетін несие мерзімін ұзарту, салық жеңілдіктерін қарастыруды сұрадық. Ресейдегі кәсіпкерлерімізге үкіметтен қолдау керек екенін айттық.
Түрік кәсіпкерлері шығын мөлшерін есептеп үлгере алмай жатыр. Мұның Ресей нарығына да оң әсер етіп отырғаны шамалы.
Лариса Синчук, кәсіпкер /Ресей/:
Түркиядан Ресейге тауар апарып жүргеніме 10 жылдан асты. Екі мемлекет арасындағы саяси байланыстың ызғары бізге қатты тиді. Тауар алуға келдім, тек оны Ресейге жеткізетін мүмкіндік жоқ. Тасымалдаушы фирмалар жұмыс істемейміз деді.
Былтыр Түркия мен Ресей арасындағы сауда айналымы 32 млрд долларды құраған. 2020 жылға дейін оны 100 миллиард долларға жеткізу жоспарланған еді.
Самат СҮЛЕЙ