Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық кемелер Каспий теңізіндегі жағдайды қатаң бақылауға алды

  • AstanaTV
  • 07 желтоқсан 2015
  • 1304

Әзірбайжандық «Гюнешли» мұнай өндіру кешенінде болған төтенше оқиғадан кейін қазақстандық кемелер Каспийдегі күзет жұмыстарын күшейтті. Бұл туралы «Астана» арнасына Ұлттық қауіпсіздік қызметіне қарасты шекарашылар хабарлады.

Баспасөз қызметінің бастығы Қанатбек Солтановтың айтуынша, Әзербайжан тарапы ресми түрде көмек сұрамаған. Дегенмен, барлық техника теңізге шығарылған. Қажет болған жағдайда көмек көрсетуге сақадай сай тұрған көрінеді. Акватория әзірге ел аумағында жүргізіледі.

Қанатбек Солтанов, ҚР ҰҚҚ  ШҚ қоғаммен байланыс және БАҚ-пен жұмыс бөлімінің бастығы:

Кемелер мен жағалаудағы бақылау қызметіне теңіз аумағын жіті қадағалау жөнінде бұйрық берілді. Зардап шеккендерді байқаған жағдайда, жедел хабарлап, тиісті көмек көрсетуге міндеттелді.

Еске салайық, осыдан үш күн бұрын алапат өрт кесірінен әзербайжандық «Гюнешли» мұнай өндіру платформасында жойқын жарылыс болған. Із-түссіз жоғалған 30 адамның жетеуінің мәйіті табылды. Тағы 32 адам құтқарылған. 6 желтоқсан Әзірбайжанда қаралы күн жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар атынан Әзербайжан халқына көңіл айту хатын жолдады. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ