Оралда оқушылардың улану оқиғасына қатысты дау әлі жалғасып жатыр. Енді Батыс Қазақстан облысындағы мектептер мен балабақшалардың асханаларына жаппай тексеру басталды. Бұған оқушылардың улануына асхана қызметкерлерінің кінәлі болып шығуы себеп. Дәрігерлер аурудың аспаздан жұққанын растап отыр. Яғни асхананың 15 қызметкері дизентерия дертіне шалдыққан. Тағы төртеуінен сальмонеллез белгілері табылды.
Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мамандарының айтуынша, балалардың ағзасына инфекция тамақтан түскен. Ал, оны асхана қызметкері таратқан. Алайда барлық аспаздардың медициналық кітапшалары ережеге сай болып шықты.
Сергей Щербина, БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
Олар осы аурумен өздері ауырған, онымен қоймай уақытылы емделмеген. Айналып келгенде, шу шықты. Енді басқа жерлерде осындай келеңсіздікке жол бермеу үшін, алдын-алу жұмыстарына күш саламыз.
Санитар мамандар облыстағы мектептер мен балабақшалардың асханаларын тексеруді бастап кетті. Заң бұзушылыққа жол бергендер жазасыз қалмайды, - дейді олар.
Сергей Щербина, БҚО тұтынушылар құқын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
Аурудың аспаздардан тарағаны анықталғасын, облыстық білім басқармасымен шұғыл жиналыс өткіздік. Облыс аумағындағы барлық мектептер мен балабақшалардың асханасын және өзге де мекемелерді тексеру туралы шешім қабылдадық. Бұл мекемелерде санитарлық талаптардың қаншалықты сақталғанын жоспардан тыс тексеретін боламыз.
Мектеп оқушыларының улануына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Прокурорлар, ертең алғашқы сараптама қорытындылары белгілі болуы мүмкін екенін айтты. Олар мұндай келеңсіздікке жол берген мектеп басшылығын жазаға тартуды ұсынып отыр.
Алмагүл Исмағұлова, БҚО прокурорының аға көмекшісі:
Прокуратура осы іске кінәлі жауапты тұлғаларды анықтап, оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы облыстық білім басқармасына хат жолдады. Бұл ретте мектеп директорының өз лауазымына қаншалықты сай екендігін де ескеретін боламыз.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, қазан айының аяғында дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 129 оқушысы астан ұшынып, ауруханаға түскен еді. Оларға дәрігерлер дизентерия деген диагноз қойды. Артынша мектеп асханасының 22 қызметкері де медициналық көмекке мұқтаж болып, ауруханадан табылды. Қазір мектеп асханасы толықтай басқа қызметкерлермен алмастырылған.
Еркін Карин, тілші:
Қазір мектеп оқушылары алаңсыз сабаққа кіріскен. Ал аспаздардың ісімен енді прокурорлар айналысатын болады. Олар жалған анықтама беруі мүмкін емханаларды жаппай тексеріп шықпақ.
Еркін КАРИН