Ауыр сырқатқа шалдыққан теміртаулық бойжеткен қиындықтың барлығын артта қалдырып жаңа өмірге қадам басты. Дәрігерлер Меруерт Жексенбаеваның бауырын алмастыру отасын сәтті жасап шықты. Оған қажетті қаржыны тез арада жинауға «Нұр Отан» партиясының Теміртау қалалық филиалы көмектескен. Қазір Меруерттің жағдайы жақсы. Ол өзіне қолдау көрсеткен партияның қоғамдық қабылдауына жұмысқа тұрып, мұқтаж жандарға көмектесуге кірісті.
5 жыл бойы төсек тартып жатқан Меруерттің денсаулығы түзеліп келеді. Бір ажалдан аман қалған 25 жастағы бойжеткен үй шаруасына араласып, қарапайым тірліктің қуанышын қайта сезінуде. Болашақта дәрігер болуды армандайды. Бауыр циррозына шалдыққандарға қолдау көрсеткісі келеді. «Нұр Отан» партиясының Теміртаудағы филиалындағы қоғамдық қабылдауға жұмысқа тұруы бұл мақсатқа жетуіне бір табан жақындата түскендей. Өзіне донор болған інісі мен екінші өмір сыйлаған қайырымды жандарға риза.
Меруерт Жексенбаева:
Мен шексіз алғысымды білдіремін оларға. Қазір жағдайым жақсарған соң, жұмысқа орналастырды. Қоғамдық қабылдауға өзім сияқты адамдар денсаулығына байланысты қаржы сұрап келеді. Соларға көмектесуге тырысамыз партия тарапынан.
Мына аула клубының жұмысы да партияның ықпалымен жандана түсті. Жергілікті кәсіпкерлердің қаражатымен жөнделіп, қайта жабдықталды. Мұнда тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, сурет, би үйірмелері жұмыс істейді. Дамыту орталығы жүздеген бүлдіршіннің сүйікті мекеніне айналған.
Айғаным Түзелбаева:
Біз достарымызбен тоғызқұмалақ ойнаймыз. Бір-бірімізге үйретеміз. Бұл жер маған өте ұнайды. Достарымыз көп. Бұл жерден ешқайда кеткім келмейді.
Партия мүшелері еріктілермен бірге балалар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді өткізетін орындар жасақтап, оларға ұнайтын орталықтарды көбейтуге ат салысып келеді. Бірқатар кәсіпорындар бұл игі іске демеуші болуға келіскен.
Айжан Қуаш,тілші:
Мына жертөледе келесі жылы спорттық аула клубы ашылады. Онда балалар спорттың әйгілі түрлері - каратэ, таэквондо, бокспен айналысады. Ғимаратты жөндеуге қажетті қаражатты жергілікті кәсіпкерлер мен "Нұр Отан" партиясының мүшелері құймақшы. Теміртау қаласында осындай 4 мекеме ашу жоспарда бар.
«Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалына биыл азаматтардан 4 жарым мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның 9 жүзге жуығы оң шешімін тапты.
Бейбіт Қуанышов, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
Өзекті мәселелердің көбісі әлеуметтік салада. 1074 арыз түсті. Зейнетақы, жәрдемақы төлемдері. Білім, денсаулық салаларында. Жағдайлары төмен отбасыларына көмек көрсетумен байланысты. Біз келген азаматтардың проблемаларын шешіп қана қоймай, құқықтық кеңес береміз.
Партияның қоғамдық қабылдау бөлімі көмекке мұқтаж жандарға демеу болуды әрдайым басты мақсат етіп келеді. Яғни көптеген қиындық тиісті құзыретті орындар арқылы шешіліп, тұрғындар осы арқылы қуанышқа бөленуде.
Айжан ҚУАШ