Русский Сайттың толық нұсқасы

М.Құл-Мұхаммедтің Ақтөбеге сапары

  • AstanaTV
  • 07 маусым 2016
  • 1760

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Ақтөбедегі қанды оқиғада қаза болғандардың жақындарына Елбасының атынан көңіл айтты. Ол жұбату сөзінде «қылмыскерлер міндетті түрде тиісті жазасын алатынын» жеткізді. Сонымен қатар билік партиясы өкілдері жергілікті имамдармен бас қосып, теріс жолға түскендерді қайтару мәселесін сөз етті. Зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Қару кезенген қаскөйлердің құрбаны болған Николай Онищенко мен Михаил Матросовтың отбасы әлі күнге дейін есін жия алмай отыр. Қара жамылған отбасыларына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары  барша Қазақстан халқы олардың қайғысына ортақ екендігін жеткізді. Ислам атын жамылып, қылмысқа баратын қанішерлермен күресте бірінші кезекте имамдардың біліктілігі сын болады. Жергілікті дін өкілдерімен кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Бейбіт күні отандастарымыздың қаза болуына барлығымыз жауаптымыз»,- деді. 

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Кісі өлтірген адамдарды ештеңемен ақтауға болмайды. Кез келген пендеге ғұмыр сыйлайтын да, уақыты келгенде, оны алатын да бір Алланың өзі. Ендеше кісі өлтірген адамды бір Аллаға қарсы шыққан қылмыскер деуіміз керек. Оларды мұсылман, тіпті адам деп айтуға да болмайды.

Асланбек Тыныштықов, «Аңсар» ақпараттық сараптау орталығы бастығының орынбасары:

Осы уақытқа дейін кейбір сол тұлғаларды қатыстырып отырып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алайда мынау әлеуметтік кеңістікте келіп жатқан мәліметтерге құлақ асатын, псевдошейхтердің пәтуаларына жиі жүгінетін жастардың әрекеттері осындай қайғылы оқиғамен аяқталатындығы баршамызға белгілі.
 
Мансұр ЕСҚОЖИН