Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен қайырымдылық орталықтары ашылды

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2015
  • 2145

Алматыда әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және күнделікті тұтыну заттарына мұқтаж жандар үшін қайырымдылық орталық жұмыс істей бастады. Қаладағы «Ресей» сауда үйінің ішінен ашылған арнайы алаңға бүгін қала тұрғындары түрлі заттар әкеле бастады. Таңғы сағат 7-де ашылған қайырымдылық көрсету орталығы туралы ақпараттар өткен жұма күні әлеуметтік желілер арқылы таратылған еді. Мерзімі шектеусіз шараға «Нұр Отан» партиясы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық ұйымдар мұрындық болды. Мұндай орталықтар барлық аймақта іске қосылып жатыр.

Тұрмыстық қиындықтарды бастан кешіріп, табысы күнделікті тіршілігіне жетпейтін отбасылар аз емес. Алматыда ашылған қайырымдылық көмек көрсету орталығының қызметіне осындай отандастарымыз зәру. Ертай Досыметов орталыққа өз үлесін қосуға келіпті. Қайырымдылық шара туралы балаларынан естіпті. Киім-кешектер мен өзге де тұрмысқа қажетті заттарды орталыққа табыстады.

Ертай Досыметов, қала тұрғыны:

Бүгінгі болып жатқан іс-шара туралы балаларым әлеуметтік желілерден естеген екен. Сосын қарап отыра алмадым да, ағайын-туған, бала-шағам бар, қарындастарыммен ақылдасып бүгін. Негізі «жылу» деген қазақ халқында бар дәстүр ғой. Жетімін жылатпаған, жесіріне көмек беріп отырған.

Қайырымдылық көмек орталығы Медеу ауданының аумағындағы «Ресей» сауда үйінің ішінен ашылды. «Нұр Отан» партиясының бастамасына қолдау танытқан кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген адамдар сан түрлі тұрмыстық заттарды әкеліп жатыр. Ұйымдастырушылар ерікті түрде жеткізілген заттарды қабылдаудың тәртібін де қадағалайды. Әкелінген заттар мен азық-түліктер таза әрі мерзімі өтпеген болуы тиіс.

Станислав Канкуров, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

Негізі жиналып отырған заттар - киім-кешек, аяқ киім, бұзылмайтын азық-түліктер. Егер қоймаларға сыймаса, бізде тізімдер бар, сондай мұқтаж отбасылардың мекен-жайларына дейін жеткізіп береміз.

Бүгін түске дейін-ақ жиналған үй жабдықтары, ойыншықтар, сәби жаялығы және киім-кешектер өз иелерін тауып жатты. Орталық қызметкерлері әлеуметтік тұрғыда қорғалуға жататын адамдардың бірі ретінде Айгүл Құлназароваға қажетті заттарды берді. Көп бала тәрбиелеп отырған әйел қазіргідей дағдарыс уақытында, мұндай мүмкіндіктің туындағанына қуанышты.  

Айгүл Құлназарова:

Мен жұмыс істемеймін. Күйеуім жүргізуші. Оның айлығы жетіңікремейді. Осындай көмек бергеніне рахмет. 

Көмек көрсету орталығындағы арнайы сөрелер лезде толып қалды. Жәрдемге зәру отбасылар, әсіресе жетім балалар, жарымжан қариялар мен жалғызбасты аналар келіп, өзіне қажетті мүліктерді алуына болады. Ізгі бастаманың ұйымдастырушылары орталық жұмысы жариялылы әрі мерзімі шектеусіз екенін айтады. Атқарылған шаруалар туралы әлеуметтік желілер арқылы есеп беріліп отырады. Бүгін «Мейірімді жүрекпен» қоғамдық қозғалысының қызметі еліміздің барлық өңірлерінде ашылды.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ