Көлік бағасы тағы да қымбаттай бастады. Тамыз айынан бері шетелдік автокөлік құны 30-35 пайызға шарықтаған. Бұл туралы автосалон сатушылары хабарлады. Көлік сатушы компаниялар басшылығы нарық талабына орай, көліктердің бағасын төмен бағада қалдыра алмайтындарын айтып отыр.
Доллардың 300 теңгеден асуы автонарықты бей-жай қалдырмады. Автосалон өкілдері тамыз айынан бері көліктер шамамен 30-35 пайызға қымбаттағанын айтады. Қымбатшылық жаңа көліктерге ғана қатысты емес, 2014 жылдан қалған ескі деп саналатындарға да баға қосылды. Тіпті елімізде жиналатын, яғни құрастыруы отандық деп саналатын көліктердің өзі қымбаттап отыр.
Роза Байғазанова, «БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО» компаниялар тобының департамент директоры:
Біз валюталық дауылдың құрсауында қалдық. Сондықтан бағаны өзгертуге мәжбүрміз. Бұл доллардың қымбаттауының салдары. Темір жол тасымалы, көліктің құрастырушылары қымбаттады. Бағаның өзгеруі нарықтағы осындай тербелістерге байланысты. Өйткені бізге жұмыс орындарын сақтап қалу керек, әлеуметтік міндеттемелер, салық дегендер тағы бар.
Бірақ кей салонда көк қағаз құны көтерілгенге дейін келген шетелдік көліктер бұрынғы курс бойынша, яғни доллар үшін 240 теңгемен сатылып жатқан көрінеді. Дегенмен, соңғы девальвация көп күттірмей көлік бағасын қымбаттатады деп отыр.
Нұржан Мағзұмов, автосалон менеджері:
Осы қараша айы мен желтоқсанда келетін машиналар, әрине, басқа бағамен болады. Енді қаншаға өсетіні белгісіз. Бірақ, әрине, баға өседі.
Автосалондар журналистермен байланысуға құлықсыз. Көбі басшылық рұқсат етпейді деген желеумен сұхбаттан бас тартты. Ал түсініктеме бергендері, бағаның қымбаттағанын растайды.
Ақпан Ізтілеуов, автосалон менеджері:
Баға, әрине, өзгерді. Автокөліктер қымбаттады. Доллар курсының өзгеруіне байланысты шамамен 20 пайызға көтерілді.
Баға өскесін, сұраныс та азаяды. Сатып алам деушілердің қабілеті де төмендегенін айтады экономистер. Экономика заңында қисын деген бар. Онда көлік пен бензин бір-бірін толықтырушы тауар деп есептеледі. Сондықтан бағалары бір деңгейде болмауы керек,- дейді экономист Жангелді Шымшықов.
Жанегелді Шымшықов, экономист:
Егер бензин бағасы қымбаттаса, көлік арзандау керек. Керісінше, бензин арзандаса, автомобиль қымбаттау керек. Бізде соңғы 2 айда 92,80 бензин қымбаттады. Машина түсу керек еді. Біз қисынсыз экономикада өмір сүріп жатқан сияқтымыз.
Кей автосалондар сақтап қалған 240 курсы қоймадағы көліктер таусылғанға дейін тұрады. Ал қарашаның аяғы мен желтоқсанның басында жаңадан келген көліктер қазіргі бағаммен есептелмек.
Айгүл ӘДЕПБАЙ