«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша берілетін несие мен демеуқаржыны жас мамандар емес, зейнеткерлер алып келген. Заңбұзушылық Павлодар облысында анықталды. Бұл жайында өңірдің ревизиялық комиссиясының тексеруі барысында белгілі болған.
Мамандар мемлекеттік бағдарламаның соңғы 5 жылда жүзеге асырылу барысын тексерген. 2010 жылы Қашыр ауданының билігі бір зейнеткерге бюджеттік несие, тағы екі зейнеткерге демеуқаржы ұсынған.
Айнагүл Құрманова, Павлодар облысы бойынша ревизиялық комиссия мүшесі:
2010-2014 жылдар зейнеткерлік жасқа толған бағдарлама қатысушыларына бюджеттік кредит беріліп, көтерме жәрдемақы төленді. Сонымен қатар, бюджеттік кредит 15 жылға берілген. Яғни 2025 жылға дейін.
Осы сынды заңбұзушылықтар Павлодар облысының 6 бірдей әкімдігінде анықталған. Енді ревизиялық комиссия бағдарлама бойынша мемлекеттің қолдауына ие болатын мамандардың жас аралығын нақтылап жазу туралы ұсыныс енгізгелі отыр.
Абзал ҚҰРМАНКИН