Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда оқу орны алдынан ұрланған қыз үйіне оралды

  • AstanaTV
  • 13 қараша 2015
  • 1062

Оқу орны алдынан тапа-тал түсте студент қызды ұрлаған бұзақы ұсталды. Ал ұрланған қыз бүгін таңертең үйіне оралды. Бұл жайында қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты.

Құзырлы орынның дерегінше, студент қызды ұрлаған бұзақыларды құрықтауға құрылған жедел топтың сақшылары адам ұрлады деген күдікке іліккен азаматтың туыстарынан қызды өз еркімен қайтаруын талап еткен. Нәтижесінде бойжеткен үйіне оралды. Белгілі болғанындай, қызды ұрлаған алматылық азамат 22 жаста. Қазір ол полицияға аталған іске қатысты түсінік беруде. Алайда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

Қылмыстық кодекстің 125 бабының ескерту тармағында көрсетілген нормаға тергеушілер сүйенетін болады. Ол егер адам ұрлаған азамат өз еркімен жәбірленушіні босататын болса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылатыны туралы атап өткен.

Еске сала кетейік, кеше таңертең Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінің алдынан белгісіз біреулер кәмелет жасына толмаған қызды күштеп көлікке отырғызып, алып қашқан болатын. Күдіктілердің келеңсіз қарекетін оқу орны студенттері ұялы телефондарына түсіріп үлгерген. 

Айгүл ЕРМАХАН