Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда автобус апатқа ұшырап, 6 адам жараланды

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2015
  • 1123

Қарағандыда жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. Қоғамдық көлікте 20 шақты жолаушы болған, олар дін аман, арасында түрлі  жарақатпен ауруханаға түскендері бар. Жол апаты Октябрь ауданында таңертеңгі сағат 9-дар шамасында болған. «Ман» маркалы автобус тайғанап барып жол жиегіндегі ағашқа соғылған. Қазір оқиғаға қатысты сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

Ольга Питунина, зардап шегуші:

Адамдар айқайлап, «есікті ашыңдар» десті. Құлап түстім, ары қарай не болғаны есімде жоқ. Бәрі жүргізушінің қатты жылдамдықпен жүргенінен болды. 

Хабидолла Ескендір, Қарағанды қаласы әкімдігі жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі:

Негізі көктайғақ болған жоқ. Жол қызметтері жұмыс істеп тұрған. Қазірдің өзінде қар еріп жатыр. Жүргізушінің қандай жылдамдықпен жүргенін біздің диспетчерлік бөлім анықтайды.

Ал жарақат алған 6 жолаушы  ауруханада ем алып жатыр.  Олардың арасында автобустың 23 жастағы жүргізушісі де бар.

Ғалым Қалтаев, №1 аурухананың амбулаторлық хирургия және травматология орталығы меңгерушісі:

Екі әйел жатқыздық, бас миы шайқалуының жеңіл түрі. Үшіншісі - шат сүйегінің жабық жарақаты. Қалған үш науқасты амбулаторлық көмек көрсетеміз. Олардың денелері көп жері сызылған, соғылған, және көгерген жерлері бар.

Айжан ҚУАШ