Қазақстандағы энергиямен жабдықтау жүйесі орталықтандыруды қажет етеді. Бүгін бұл мәселе Алматыда өткен энергетиктердің III-ші халықаралық форумында сөз болды. Әлі де энергия көздерінен тапшылық көріп отырған шалғай ауылдар жаңғыртылған қуат көздерін пайдалануға мүмкіндік алар еді. Ол үшін су, жел және күн көзінен энергия алу инновациясын дамыту қажет. Дағдарысқа қарамастан, мұндай мүмкіндіктерді жүзеге асыруға болады. Себебі ол көп қаражатты қажет етпейді. Яғни осы арқылы дәстүрлі қуат көздерінен алынатын шығындарды азайтуға мүмкіндік тумақ. Әсіресе электр қуатын жеткізетін желілер тартуға қажетті қаржы көзін үнемдеуге болады. Форумға қатысқан батыс елдерінің энергетиктері табиғи жолмен энергоотын өндіруде Қазақстанның әлеуеті жоғары деп есептейді. Олар бұл тұрғыда өз тәжірибелерімен бөлісуге әзір. Жиынға әлемнің 20-дан астам мемлекетінен жетекші мамандар келді.
Бақытжан Жақсалиев, ҚР энергетика вице-министрі:
Қазақстанның жер көлемі үлкен, сондықтан көптеген аймақтарға электр желілерін тарту үлкен шығынды талап етеді. Ал елді мекендер әлі де сапалы энергияға зәру. Ендеше экономикалық тұрғыдан дәстүрлі емес энергия көздерін дамытатын уақыт жетті.
Ханс Йозеф Фелл, энергетикалық компания президенті \Германия\:
Қазақстанның энергия өндірудегі әлеуеті өте жоғары. Жасыл экономиканың дамуына мүмкіндіктер жасау керек. Бұл инвесторларды тартудың оңтайлы жолы және осы салаға қаржы салған компаниялар пайда табатын болады. Сондай-ақ аграрлық қалдықтарды пайдаланып, биоотын өндірісін жолға қою қажет. Оның қоршаған ортаға да оң әсері бар.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ