Қызылордадағы 90 пәтерлі көп қабатты үйлердің бірінде суық судың орнына ыстық су ағып тұр. Тұрғындар судың жағымсыз иісі мен дәмі бар екенін айтады. Ал қалалық су арнасы біздің тілшімізге мұндай жағдай тек үш пәтерге ғана тиесілі екенін айтты. Бірақ аймақтағы әріптесім бірнеше пәтерге кіріп, шүмекті ашып көрген еді. Алайда барлығынан ыстық су ақты.
Таң атпай екі шелегін ұстаған Тілеукүл апа, "бүгін кімнің есігін қағып, су сұрасам" екен деп жүр. Оның суды сұрап ішіп отырғанына 1 ай болған. Оның өзін екі көшеден кейін тұратын көршілерден тасиды. Тұрғындардың пайымынша, суық су ағатын шүмекке келіп тұрған ыстық су жылу құбырынан келіп жатыр.
Тілеукүл Ханзадаева:
Ішіп отырған мұздай суымызға жылудың суы қосылып кетіп, ыстық су ағып жатыр. Ыстық су ішіп отырмыз. Сол ыстық судан балаларымыздың бетіне жаралар шығып кетіп жатыр, іштері кетіп жатыр.
Шағдат Жамсаев:
Екі есе шығын бізде. Суды насоспен айдаймыз жоғарыға. Әр жерден тасып ішіп отырмыз, қазір бірақ бірен-саран адам бар, кәрі адамдар бар, олар жүре алмайды, ішеді, амал жоқ, сөйтіп аурып қалып жатқандары бар олардың.
Үй шаруасындағы Әсем де ағып тұрған ыстық судың жағымсыз иісі мен дәмі бар екенін айтады. Амал жоқ, осы сумен кір жуып, жуынып, тіпті тамақ дайындап отыр.
Әсем Пірмағамбетова:
Балам болғаннан кейін мен күнде шығып, баняға бара алмаймын, үйден түсемін де. Үстіме менің жара шығып кетті, қышыма жара шығып кетті. Осы жылу орталығының адамдарынан естіп, білеуімше, олар күнде неше түрлі химикат қосады екен. Трубаларға циркуляция жүру үшін.
Тұрғындар тиісті мекемелерге хабарластық, бірақ ешкім мәселеге құлақ түрмеді деп қылжылады. Ал «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік кәсіпорын басшысы, бұл мәселе тек үш пәтерге тиесілі, олардың шүмектері істен шыққан, деді.
Нұржан Диқанбаев, «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы:
Мұздай судың орнына ағып жатқан ыстық суымыздың, негізгі смеситель дейміз ғой, сантехникалық құрал, сол смесительдің дұрыс жұмыс жасамауынан. Мекеменің жұмысшылары барып тексергенде, 44-ші, 49-ші және 50-ші пәтерде сонай фактілер пайда болды. Бірақ пәтердің қайсында сондай сантехникалық құрал істемей тұрғаны не КСК-ның жұмысы, не өзі квартираның тұрғынының жұмысы.
Дейтұрғанмен, бұл жауапқа тұрғындардың сенгісі жоқ. Олардың болжамы бойынша, суық судың жоғалып кетуіне жуырда көрші Лапин көшесіндегі жылу құбырына жасалған жөндеу жұмыстары себеп болды. Олар тиісті мекеме мамандарының баспанада толық зерттеу жүргізуін талап етеді. Біз он екі пәтерді кіріп, шүмектерін ағызып көрдік. Барлығында суық су орнына ыстық су ағып тұр.
Шарипа САҚТАПОВА