Алматыда "арзан бағаға пәтер алып беремін" деп талайдың 2 миллион долларға жуық қаржысын қаққан алаяқ әйел ұсталды. Бұл туралы бүгін қалалық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек хабарлады.
Департамент өкілінің айтуынша, 51 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы өзін алматылықтарға жылжымайтын мүлік саласының сарапшы маманы ретінде таныстырған. «Элиталық тұрғын үй кешендерінен қалаған пәтерді алып беруге» уәде беріп, қомақты қаражатты қалтаға басып отырған. Пәтерлерін тосып жалыққан жапа шегушілердің арызынан соң, полиция қызметкерлері әккі алаяқ әйелдің ізіне түсіп, дер кезінде құрықтады. Қазір тергеу амалдары жалғасуда.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қазіргі таңда азаматтарға келтірілген шығын мөлшері 2 млн долларды құрап отыр. Алдын-ала болжамымыз бойынша, азаматшаның 15 тәріздес қылмыстарға қатысы барлығы ресми, процессуалды түрде дәлелденді. Қылмыстық кодекстің баптарына сүйенсек, 12 жылдан аса бас бостандығынан айырылу мерзімі көрсетіліп отыр. Өйткені ол бұрын сотталған.
Айгүл ЕРМАХАН