«Арселор Миттал» Қазақстан нарығынан кетпейді. Бұл туралы компания «Астана» телеарнасы сауалына берген жауабында айтты. Кәсіпорын апта басында қазақстандық БАҚ таратқан «Лакшми Миттал Қазақстандағы активтерін сатып, қазақ жерінен кеткелі жатыр» деген дақпырт хабарды толығымен жоққа шығарды. Ресми хатта Арселор Миттал өзінің Қазақстан, Украина және Оңтүстік Африкадағы активтерін сату пиғылы жоқ екендігін хабарлады. Сондай-ақ, компанияның әлемдік дағдарыстың салдарынан қаржылық қиындықтарға тап болғанын жасырмайды.
Қазіргі таңда экономикалық белсенділіктің төмендеуі мен Қытай және басқа елдердегі импорт деңгейінің артуы салдарынан металға сұраныс төмендегені айтылған. Рубльдің құнсыздануы да «Арселор Миттал» компаниясының қазақстандық өндірісте шығарылған металл өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеліп соққанын жазыпты. Алайда, бұл кәсіпорын аталған елдер нарығынан біржола кетеді деген сөз емес. Хатта компанияның қазіргі таңда бар күшті металлургиялық кәсіпорындардың өндірістік қызмет көрсеткіштерін көтеруге бағыттап жатқаны жазылыпты.
Айжан ҚУАШ