Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық балықшылар шағын көлдердегі шабақтарды құтқарды

  • AstanaTV
  • 15 шілде 2015
  • 1496

Атырау облысында шабақтарды құтқару жұмыстары басталды. Оған балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорын мамандары мен еріктілер тартылуда. Тек бір күннің өзінде Махамбет ауданы аумағындағы Қоржын және Алмағамбет көлдерінен 60 мыңға жуық шабақ сүзіліп, Жайық өзеніне жіберілді.

Жазғытұрым Жайық арнасынан тасып, кейін тартылады. Сол кезде айналасында шағын көлдер мен көлшіктер пайда болады. Суымен келген сазан, жайын, қаракөз, табан секілді қара балықтар осы жерге уылдырық шашады. Ал өзендегі су деңгейі төмендегенде, ұсақ шабақтар көлшіктерден шыға алмайды. Күннің ысуымен, көлдегі оттегі азайып, су маржандары үшін қауіп төнеді. Әсіресе, биыл Атырауда бірнеше күн бойы сақталған аптап ыстық ауа райынан балық қорғаушыларға ширақ қимылдауға тура келді. 

Бакужан Қожахметұлы, балықшы:

Таңертеңнен бері 37 мыңдай шабақты ауладық. Жайық бойына жібердік. 14 рейс апардық, мынау салып жатқанымыз 15-рейс. Өздеріңіз көріп отырғандай, үш жерден ау салынып жатыр. Барынша құтқарып жатырмыз.

Биыл Махамбет ауданындағы 20 шақты тоғанның тек бесеуі суға толған. Бірақ бұл жұмысты жеңілдетпейді, - дейді табиғат қорғаушылары. Шабақтарды сүзуге көл маңындағы ауыл тұрғындары да көмектесуде. Дегенмен жұмыс күші әлі де жетіспейді.

Айта кетейік, шілде басында осы Махамбет ауданындағы Қарашығанақ су айданда 1 тоннаға жуық балық қырылған болатын. Мамандар оның себебін желбезектілерге тайыз суда оттегі жетіспегеннен деп түсіндірген болатын. Ал шабақтарды құтқару жұмыстары тамызға дейін жалғасады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ