Қарағандыдағы аймақтық кәсіпкерлер палатасы өкілдері Көкпектідегі су тасқынына кінәлі деп айыпталып отырған әріптестері Владимир Крючковқа қатысты қылмыстық істің орынсыз қозғалғанына сенімді. Палатада өткен жиында олар осындай түйін жасап, өтініштерін Бас прокуратураға жолдайтындарын айтты.
Жиында сөз алған кәсіпкерлер: "Владимир Крючков Көкпекті су қоймасының қожайыны болмағандықтан, нысанның техникалық жағдайы мен апат үшін жауап бермеуі керек", - деп есептейді. Әрі "кәсіпкер 7 жыл бойы тоғанның апатты жағдайда тұрғанын айтып, мемлекеттік органдарға 60 рет ресми ескерту жасаған. Алайда, құзырлы мекемелер олардың ешбіріне назар аудармаған" дейді.
Серік Төрегелдин, Қарағанды аймақтық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы:
Заңды бұзып, іс қозғалды. Кәсіпкердің құқығын бұзып, бірнеше ай бойы жауап ала алмай отыр. Оған құжат та, қаражат та жоқ. Прокуратура қандай іс-шара қолданды. Ұлттық палатаға жазамыз. Олар Бас прокуратураға айтып, мыналардың істеген іс-шараларын қарап шығады.
Владимир Крючковтың жақтастары құқық қорғау органдарының да іс-әрекетіне наразы. Жуырда Көкпекті су қоймасының құрылтайшысы мен директоры болған Ерлан Чкалов пен Бақыт Әсетов жауапкершіліктен сытылып кеткен. Олар тоғанның заңды иелері еместігін сотта дәлелдепті. Владимир Крючковтың қорғаушысы, құқық қорғау органдарына істің-анық қанығын білу мақсатында жазылған хатына 14 айдан бері бірде-бір жауап ала алмағанын айтады.
Еске салсақ, Владимир Крючков 2007 жылы Көкпекті тоғанын балық өсіру мақсатында жалға алып пайдаланған. Ал, өткен жылы көктемде су қойманың бөгеті бұзылып, Көкпекті ауылының 3 жүзден астам үйін су шайып кетті. Апаттан 5 адам қаза тапқан болатын. Бұдан кейін, құқық қорғау органдары, Владимир Крючков қызметін асыра пайдаланып, бөгеттің құрылыс жұмыстарын дұрыс жүргізбеді, деп айыптап, қылмыстық іс қозғады.
Айжан ҚУАШ