Алматылықтар жылыту қызметіне 2 млрд теңге қарыз. Бұл жайлы арнамызға «Алматы жылу жүйесі» ЖШС жылу энергиясын жүзеге асыру басқармасы басшысы Оксана Галилова айтты. Олар жылу өндіретін кәсіпорындардың экономикасына кесірін тигізген берешекті қайтарудың жолын қарастырған. Түрлі сылтау айтып коммуналдық төлемді төлемей отырғандармен қосымша келісім жасасуда. Енді талапқа сай қарызгердің қалтасында бүгінгі күні берешекті өтейтін қаражаты жоқ болса, өсімпұлсыз 6 ай ішінде қарызын бөліп қайтаруына мүмкіндігі бар. Күні бүгінге дейін жаңа келісімге отырғандардың саны 271-ге жеткен.
Оксана Галилова, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС жылу энергиясын жүзеге асыру басқармасының басшысы:
Уақытында төленбей, жинақталып қалған үлкен соманы қайтару әрбіріне қиындық туғызады. Сондықтан қарызды келісіммен төлеу тетігі - халық үшін өте тиімді. Келісімге сай азаматтар қарызын 1 қыркүйекке дейін өтеуі тиіс.
Сондай-ақ, жылуға жауыптылар өткен жылу маусымы үшін тұтынушылардан жиналған қаражаттың қайта есептелетінін айтты. Өйткені қыс жылы болғандықтан, жылу шығыны болжамнан едәуір аз шыққан. «Алматы жылу жүйесі» мекемесінің дерегінше, шамамен 963 миллион теңге тұтынушыларға қайтарылмақ. «Алайда қолма-қол ақша ретінде емес, келесі жылыту маусымына түбіртекте төлем шегеріліп отырады»,- деді Галилова.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ