Қарағанды облысы Саран қаласының тұрғыны Елена Сычеваның пәтер кезегіне тұра алмай жүргеніне бір жарым жыл болған. Бар мәселе белгілі бір мекен-жайға тіркеудің жоқтығында. Ол қазір жергілікті орманшының моншасын паналап отыр. Құзырлы мекемелерден қайыр болмаған соң, Елена Сычева біздің редакциямызға хабарласып, көмек сұрады.
44 жастағы Елена Сычева жанарынан айрылған. Ол өзінің тағдырының ауыр болғанын айтады. Алыс қыстақтың бірінді бейтаныс адамдарда бір жылдай құлдықта жүріпті. "Сиыр бағып жүріп, таяқ пен зорлық-зомбылықтың құрбаны болдым", - дейді зағип жан. Одан қашып шыққан. Сол кезде қылмыстық іс те қозғалыпты. Бірақ екі тарап өзара келісіп, іс тоқтатылған. Сол кезде аяғы ауыр, науқас әйелді Саран қаласындағы орманшы өз қамқорына алыпты. Содан бері орманшы моншасын паналатып отыр. Қамқоршы оның құжаттарын жасатып, мүгедектікке шығуға көмектесіпті. Ал, баласын құзырлы орындар бөбектер үйіне алып кеткен.
Елена зорлықтың салдарынан балалы болса да, қызынан бас тартпаған. Сәбиді өз қолына алғысы келеді. Бірақ, баспанасы жоқ. Пәтер кезегіне тұрайын десе, ешқайда тіркелмеген.
Татьяна Гаруца, Саран қалалық ХҚКО жетекшісінің міндетін атқарушы:
Ол мүгедек ретінде, жалғыз басты ана ретінде кезекке тұра алады. Ол үшін тек жергілікті жерде тіркелгенін растайтын анықтама мен баласы туралы анықтамалар қажет.
Елена Сычева:
Мен баламды бөбектер үйінен алып, тіркеуге отырғыза алмаймын. Оны апарар жерім жоқ.
Жалғыз басты ана құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып шаршаған. Еленаның айтуынша, ол бір кездері Саран қаласындағы РТИ ауданында тіркелген. Бірақ 1990 жылдары ол жерден халық жан бағу үшін баспаналарын тастап басы ауған жаққан кеткен. Елена да - солардың бірі. Қазір ол қуықтай моншада тұрып жатса да, ешкімнің онда шаруасы жоқ. Саран қаласының әкімдігі әйелдің ахуалы туралы бізден білгендерін айтады.
Елена Расулова, Саран қаласы ТҮКШ бөлім меңгерушісі:
Тығырықтан шығу үшін ең алдымен оны біз тіркеуге аламыз. Бізде мекенжайға уақытша тіркеу қызметін ұсынатын адамдар бар. Солар көмектеседі. Сосын пәтер кезегіне тұрғызамыз. Ары қарай өз кезегін күтеді.
Біздің қоғамда мұндай жағдайға тап болатындар жетерлік. Олардың қалыпты өмірге бейімделуі қиын. Заңнамада панасыздарды мекенжайға тіркеу жағы қарастырылмаған. Сондықтан Елена секілді адамдар мейірбан азаматтарға ғана арқа сүйеп, күн көруге мәжбүр.
Айжан ҚУАШ