Қарағандыда жас балаларға ерсі қылық көрсеткен тағы бір күдікті ұсталды. 34 жастағы ер адам жасөспірімдермен телефон арқылы көңіл көтеруді әдетке айналдырған. Ол жеткіншек қыздарды қорқытып, мессенджер арқылы телефонмен өздерінің анайы фотолары мен видеоларын жіберуге мәжбүрлеген.
Қарағанды тұрғыны құрылыста күзетші болып жұмыс істеген. Қолы бос уақытта әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдермен танысуды әдетке айналдырса керек. Алғашында жылы сөйлесіп, кейін балаларды қысымға алған. Оның бұйрығын, қыздарды былай қойғанда, ұлдардың өзі орындапты. Жапа шегушілердің бірнешеуі ғана ата-аналарына шағымданған. Олардың нақты санын полиция тексеріп жатыр. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары ата-аналардың өз балаларының телефон арқылы байланыстарын мұқият қадағалауға кеңес береді.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облысы ІІД жауапты хатшысы:
Ұсталған азамат өз кінәсін жоққа шығармады. Өйткені оны тұтқындау кезінде де ватсап арқылы телефонына хабарламалар түсіп жатты. Қазір ол уақытша қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Айжан ҚУАШ