Русский Сайттың толық нұсқасы

Ипотекалық борышкерлер бүгін Келімбетовтен түсінік талап етті

  • AstanaTV
  • 22 шілде 2015
  • 1049

Ипотека алғандардың жүгін жеңілдетуге президент пәрменімен бөлінген 130 млрд теңгенің дауы басылмай тұр. Бүгін Алматыда ипотекаға баспана алған тұрғындар Ұлттық банк басшысымен кездесуді талап етті. Борышкерлер сәуір айында қабылданған Үкімет қаулысының жүзеге аспауының себебін білмекке келген. Алайда жергілікті прокуратура жиналғандардың әрекетін ереуілге балап, тез тарауды талап етті. Банк өкілі болса, ипотека иелерінің борыштарын қайта құрылымдауға қатысты бағдарламаның жақын күндері іске қосылатынын айтып сендірді.

Борышкерлер Ұлттық банк бас ғимаратының алдына бірінші рет жиналып тұрған жоқ. Осыған дейін де белсенді топ өкілдері банк жетекшілерімен кездесуге әрекеттенген еді. Ал бүгін банк ғимараттының қақпасына құлып салынып, маңына полиция жасағы жеткен.

«Баспананы халыққа қалдырайық» ұйымына мыңдаған борышкер мүше. Олардың дені осы жылдың 24 сәуірінде қабылданған Үкімет қаулысынан үміттеніп жүр. Президент тапсырмасымен 2007-2009 жылдар аралығында ипотекаға баспана алғандардың қарызы қайта қаралуы тиіс болған. Ол үшін Ұлттық қордан 130 млрд теңге бөлінді. Алайда арада үш ай өтсе де, бағдарламадан қайыр болмай тұр.

Сұлубике Жақсылықова, белсенді топ жетекшісі:

Біз Үкіметтің қаулысын орындамайтын екінші деңгейлі банктерге қатысты қандайда бір шара қолдануды талап етеміз. Егер олар халықпен жұмыс істемесе, лицензиясынан айырсын. Олар бюджеттен бөлінген ақшаға борышкерлердің қарызын жабудың орнына әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған қарыз иелерін сотқа сүйреп әлек.

Ұлттық банк өкілдері бұған дейін де ипотекалық қарыздардың үстемесін кешірудің механизмдерін түсіндірген болатын. Доллармен қарыз алғандардың қаражаты теңгемен қайта есептеліп, жылдық мөлшерлемесі 3 пайыздан аспайтындай етіп төлеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатқа бөлінген мемлекет қаржысы екінші деңгейлі банктердің есеп-шотына 15 маусымда аударылған. Бірақ қайта қаржыландыру басталар емес.

Александр Терентьев, ҚР Ұлттық банкі департаментінің директоры:

Біз қарап отырған жоқпыз. Бұл мәселені шешу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Бағдарламаның ұзақ уақыт бойы жұмыс істемегені рас. Себебі екінші деңгейлі банктермен арадағы құжаттық кедергілер мен заңдағы кейбір шикіліктер реттеліп жатыр. Сондықтан бағдарлама өз уақытында басталмай тұр.

Ұлттық банк өкілі жиналғандарға бағдарламаның тамыз айынан бастап жүзеге асатынын айтып, кезекті рет уәде берді. Осы кезде прокуратура өкілдері де бүгінгі шараның заңсыз ереуіл екендігін ескертіп, борышкерлердің тарауын сұрады. Ал қанша жылғы қарыздан жүйкесі тозған кейбір берешек иелерінің денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер көмегіне жүгінді. Айта кетейік, соңғы бес жылда екінші деңгейлі банктер тек ипотекалық несиеге деп 26 миллиард теңге жұмсаған. Бірақ оның жартысына жуығы әлі қайтарылмапты. Еліміз бойынша ипотекалық қарызын дер кезінде өтей алмай жүрген 37 мың тұтынушы проблемалық борышкерлер санатына енген.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ