Семейдегі «Жылукоммунэнерго» коммуналдық мекемесі банкроттанудың аз-ақ алдында тұр. Бұған аталған мекеменің жарыққа, суға және көмірге қарызы себеп. Қаланың жылуына жауапты мекеменің жалпы қарызы 1 жарым миллиард теңгеден асып жығылады. Бұл жайында бүгін облыс әкімімен өткен арнайы жиында сөз болды. Шығыс Қазақстан облысының басшысы, тығырықтан шығар жалғыз жол, ол - жылу тарифін көтеру, дейді. Ал тарифтің қаншалықты өсетіні әзірге белгісіз.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл жағдайда «Жылукоммунэнерго» мекемесін банкрот болды деп айта алмаймыз. Бұған дейін қаражат әр кез бюджет қоржынынан алынып, сол бюджет есебінен төлемдер жасалып, тариф көтерілмей келген еді. Енді біз қаласақ та, қаламасақ та, бағаны көтеруге мәжбүрміз.
Айта кетейік, Семейде соңғы рет жылу бағасы былтыр 9 пайызға көтерілген болатын. Ал оған дейін, 2012 жылы екі рет көтеріліпті. Қазір аймақта жылу бағасы әр шаршы метр үшін 115 теңгеден есептеледі.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА
}