Тобыл өңірінде тосап қайнату маусымы қарсаңында қанттың құны тым шарықтап кетті. Күрт көтерілген бағаға тосқауыл қою мақсатында, Қостанай билігі тұрақтандыру қорынан 150 тонна құм шекер шығарды.
Аймақтағы ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері күн сайын облыс тұрғындары 30 тоннаға жуық қант тұтынады дейді. Яғни қордан шығарылған азық небәрі бес күнге жетеді деген сөз. Бірақ қант тапшылығы жуық арада сейіліп, бағасы да түсетініне сенімді. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады, - дейді аталған басқарма басшылары. Құм шекердің қымбаттауына доллар бағамының ауытқуы мен тосап қайнату маусымы ықпал еткен. Бұған дейін өңірде өнімнің бір келісі 140-150 теңге көлемінде сатылып келсе, қазіргі бағасы 165- 200 теңге аралығында.
Орал Нұрғазин, Қостанай облысы ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
Дүкендер мен супермаркеттерде, сонымен қатар әлеуметтік дүкендере сатылатын болады. Аудандар мен қалалардан өтінім түсіп жатыр. Сол бойынша қордан бөлінген қант таратылады. Оның бағасы - 165 теңге бір келісі.
Заңғар САНАЙ