Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың болашақта лайықты білім алуына еліміздің әрбір азаматы үлес қоса алады. «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Болашаққа қаржы құй» акциясы аясында жергілікті жердегі партия бөлімдерінде көмекке мұқтаж бүлдіршіндердің тізімі жасалған. Ал екінші деңгейлі банктер және мемлекет баланың атына ашылған есеп-шотқа жылына әжептәуір пайыздық үстемеақы қосатын болады.
5 жасар Көркемнің болашақта университетте білім алып, кәсіп иесі атануы үшін, екінші деңгейлі банктердің біріне қазірден қаржы құйылып жатыр. «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратындағылар бүлдіршіннің атына есеп-шот ашып, 17 жасқа толғанша шамамен 3 млн теңге жинап беруге уәде берген. Оны растайтын мынадай сертификат та бар. Былтыр анасы қайтыс болып, нағашы әпкесі асырап алған Көркем үшін бұл үлкен көмек. Астананың шетінде тар үй жалдап тұратын 5 балалы отбасы партияның қайырымды бастамасын тәңірдің сыйына балайды.
Қарлығаш Ташаева, К.Сүттімбетованың күтушісі:
Алла бәрін естиді ғой, деп ойлаймын. Бір күн бұрын мына қызға да ақша сала алмай жатырмын, әйтеуір шиеттей бала-шаға болған соң жетпейді, соны ойладым. Көзіме жас алып қалдым жұмыста жүріп. Сөйтсем, хабарласқан кезде жылап жібердім, сенбей, тәубе деп. Енді қыздың болашағына рахмет деп айтам.
Қазіргі уақытта Көркем сияқты 1 мың 500 бүлдіршіннің атына білім депозиті ашылған. Жыл соңына дейін оны үш мыңға жеткізу көзделеді. Партияның жергілікті бөлімдерінде ата-анасынан айырылып жақын-жуықтарының қолына қарап қалған балалардың тізімі бар. Сол тізім арқылы білім алуға жағдайы жоқ балаға әркім өз бетінше қаржылай көмек көрсете алады. Бұл акцияны мәжіліс, мәслихат депуттары қызу қолдаған. Орталық аппараттың өзінде есеп-шот ашып, бір-бір баланы қамқорлығына алғандар көп көрінеді.
Құмар Ақсақалов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:
Партияның атқарып жатқан көп жұмысының бірігуі - ол «Бақытты балалық» атты партияның жобасы. Негізі мақсаты балаларға жан-жақты жағдай жасау, әсіресе жетім қалған балаларға көмек көрсету, бәріміз білеміз, кейбір жетім балалар мектеп біртіргеннен кейін қаражаты болмай, одан әрі оқи алмайды. Ондай фактілер көп.
Тиісті қаражат бала 17 жасқа толғанша екінші деңгейлі банкте жинақтала береді. Жыл сайын банк 10 пайыз үстеме, мемлекет 5-7 пайыз сыйақы қосып отырды. «Білім депозитіне» ай сайын салынатын қаржы көлеміне шектеу жоқ.
Данияр Қасенов, екінші деңгейлі банктің Астана қаласындағы бөлімінің директоры:
Қазіргі уақытта банк - «Нұр Отан» партиясының бастамасымен іске асып жатқан «Болашаққа қаржы құямыз» науқанынының белсенді қатысушысы. Ата-ана қамқорлығынысыз қалған жетім балалардың болашақта кедергісіз білім алуына банкте қаржы жинақтауға шақырады. Бұл бастама кезекті рет «Нұр Отан» партиясы өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне үлкен мән беретінін көрсетіп отыр.
Салымшылардың қатарын арттыру мақсатында екінші деңгейлі банктер оқу орындарымен келісімшарттарға отырмақшы. Онда жылына төленетін сомаға белгілі бір пайыз мөлшерінде жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ