Алматыда ауған соғысы ардагері «жекеменшік жерімді иемденіп, құжат жасатып алған кәсіпкер жауапқа тартылсын» деген талап қойып отыр. «Ивет» серіктестігі қоғамдық монша салу үшін көршілес жатқан жер телімдерін тамыр-таныстықпен тартып алуда»,- дейді шағым иесі. Іс сотқа жеткен, қарапайым тұрғындар болса, әділдіктің орнағанын қалайды. Ал жердің жаңа қожайынына құжат рәсімдеп берген Алматы облысы Қарасай ауданының жер-кадастрлық бөлімі бұл аумақтың өткен жылы қалаға өткенін айтып, жауапкершіліктен бас тартуда.
Үлкен Алматы өзенінің бастауында орналасқан тұрғындар «Ивет» компаниясының заңсыз әрекетін айтып, талай табалдырықты тоздырды. Солардың бірі ауған соғысының ардагері Жалали Мамедов монша салып, оның қалдықтарын өзенге ағызған кәсіпкерді кінәлайды. Айтуынша, кәсіпкер айналаны ластағанымен қоймай, көршілерінің жеріне көз алартқан. Ауған соғысының ардагері 100 шаршы метр аумақты кәсіп иесі заңсыз қоршап, құжат жасатып алғанын айтады.
Жалали Мәмедов, Ауған соғысының ардагері:
Әкімдіктен келген адамдар жерімнің орналасу жүйесін қайта сызып, аумағы 1 сотық жер телімін фирманың атына шығарып беріпті. Мені ысырып, қазір ол жерді қоршап алды. Онымен қоймай 2 млн тұрғыны бар Алматыға ауыз суын беретін өзенді ластап отыр.
Жеке кәсіпкерден жәбір көрген Лукьяновтар отбасы да қазір «жерімізден айырылып қаламыз ба» деген қауіппен күн кешіп жүр. 1986 жылдан бері анасының атында болған 9 сотық жер телімін Наталья Лукьянова уақытында рәсімдеп алмаған. Жер иесі қайтыс болған соң, кәсіпкер көрші бұл аумаққа да мемлекеттік акт жасатып үлгерген көрінеді.
Наталья Лукьянова:
Менің ата-анам Алматы жылу электр станциясында еңбек етіп, 1986 жылы жеке шаруашылық үшін осы жер бөлінген. Ал 2009 жылы анам өмірден озған соң, құжатты рәсімдеуге бардым. Себебі жер маған мұраға қалған болатын. Алайда ол жерге көршім құжат жасатып алыпты.
Тараптар сотқа да жүгінді. Аудандық сот істі «Ивет» серіктестігінің пайдасына шешкен. Бұған келіспеген Лукьяновтар қалалық сотқа апеллияциялық шағым түсіріпті.
Владимир Никитин, «Ивет» ЖШС директоры:
Біз жер учаскесіне құжаттар рәсімдей бастаған сәтте Лукьянованың қолында ешқандай құжат болған жоқ. Қазір де солай. Ол жер телімі «Ивет» деп аталатын біздің компанияға тіркелген. Қарасай ауданының соты істі сол үшін біздің пайдамызға шешті.
Жоғарыдағы жеке компанияға құжаттар рәсімдеп берген Қарасай ауданының шенеуніктері жауапкершілікті мойнына алғысы жоқ. Жер бөлімінің мамандары жер теліміндегі құрылыс нысандарына да көз жұма қарап отыр.
Жұмабай Боранбайұлы, Алматы облысы Қарасай ауданы жер-кадастр бөлімі басшысының орынбасары:
Үлкен Алматы ауылдық округі 2014 жылы 18 сәуірде қалаға берілгендіктен, біз бұл жер дауына қатысты ештеңе айта алмаймыз. Қазір кадастрлық істердің барлығын өз базамыздан алып, қала аумағына беріп жатырмыз. Сондықтан істің ақ-қарасына тек сот қана нүкте қояды.
Ауған соғысы ардагері жекеменшік жеріне құжат жасатып алған кәсіпкердің үстінен сотқа арыз түсірді. Ол құзырлы органдар серіктестікке жер телімдерінің қандай негізде рәсімделгенін тексереді деген үмітте. Ал Лукьяновтардың талап-арызын қарауды сот келесі аптаға шегерді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ